Шығыс Қазақстан техникалық университетінде (ШҚТУ) жұмысшы мамандықтар жылын өткізу және инженерлік білім беруді насихаттау мақсатында серіктес кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен қонақ дәрістері ұйымдастырылуда. Осы шаралар аясында 2025 жылдың 4 наурызында «Металлургия» білім беру бағдарламасының студенттері «Үлбі металлургия зауыты» АҚ (ҮМЗ) бас инженері, басқарма төрағасының бірінші орынбасары Владимир Витальевич Вахненкомен кездесті.

Владимир Витальевич - «Ұнтақты металлургия, композициялық материалдар және жабындар» мамандығы бойынша ШҚТУ түлегі. Ол еңбек жолын уран өндірісі «Р» цехының ұнтақ өндіру бөлімшесінің инженер-зерттеушісі және технологы ретінде бастап, бүгінде кәсіпорынның бас инженеріне дейін көтерілген.

Кездесу барысында,Владимир Витальевич «ҮМЗ» АҚ өндірісінің ерекшеліктері, оның ішінде кен концентраттарын өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық негізгі кезеңдер туралы дәріс оқыды. Ол зауыт тарихына тоқталып, оның өндірістік қызметінің үш негізгі бағытын - уран, бериллий және тантал өндірісін кеңінен сипаттады.

Студенттер уран өндірісінің технологиялық процестеріне ерекше қызығушылық танытты. Дәріс барысында ХКПУ өңдеудің технологиялық схемасы, UO2 ұнтақтарын өндіру әдістері, уран концентратын өңдеу кезеңдері және отын таблеткаларын жасау процесі туралы егжей-тегжейлі айтылды.

Кәсіпорын өнімдерінің жеткізілім географиясы да тыңдаушыларды таңғалдырды. «ҮМЗ» АҚ өндірген материалдар Ресей, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Франция, Германия, Швеция, Бразилия, АҚШ және басқа да елдерге экспортталады. Бұл зауыт өнімдерінің әлемдік деңгейде жоғары сұранысқа ие екенін көрсетті.

Студенттер дәріс барысында белсенділік танытып, өндіріс процесі мен металлургия саласындағы мансаптық мүмкіндіктерге қатысты сұрақтар қойды. Владимир Вахненконың кәсіби жолы студенттерге үлкен мотивация беріп, саланың болашағы туралы ойлануға мүмкіндік жасады.

Бұл дәріс қатысушыларға «ҮМЗ» АҚ өндірістік процестерін тереңірек түсінуге көмектесіп, болашақ кәсіби қызметтеріне қатысты жаңа көзқарас қалыптастырды.

ШҚТУ студенттері мен оқытушылары Владимир Витальевичке мазмұнды дәрісі мен пайдалы ақпараты үшін алғыс білдіреді!