Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Мамандығым - Мақтанышым» атты жұмысшы шеберханасы - «Workshop площадки» шарасы өткізілді. Бұл шара жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, жастарды мамандық таңдауға баулу және еңбек нарығындағы қажеттіліктерді түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.
Қатысушылар қатарында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, жалпы білім беретін мектептердің түлектері болды. Сонымен қатар, ірі ұйымдардың жұмыс берушілері де қатысып, өздерінің компаниялары туралы ақпарат берді. Олардың қатарында «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «ТМК» АҚ, «БЭСК» АҚ, «Согра ЖЭО» ЖШС, «Өскемен ЖЭО» ЖШС, «Шығыс Жылу» АҚ сияқты ірі кәсіпорындары да атсалысты.
Шараны Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Шығыс Қазақстан облысының еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырды.
Университетте ашық есік күні болып, оқушылар, студенттер және түлектер қаладағы оқу орындарының көрмесіне қатысып, түрлі оқу орындары мен мамандықтар туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, музей, лабораториялар мен кітапханаға экскурсия ұйымдастырылды.
Шараның салтанатты ашылуы акт залында өтті. Алғашқы сөзді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов алды. Ол өзінің сөзінде жұмысшы мамандықтарының маңызы мен осы салаға жасалған көңіл бөлінетіндігі туралы айтты. Одан кейін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің» басқарма мүшесі - ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Жадыра Түсіпханқызы мен «Казцинк» ЖШС Корпоративтік университетінің оқу орындарымен жұмыс бөлімінің бас маманы Ирина Викторовна Елфимова өздерінің пікірлерін білдіріп, шараның маңыздылығына тоқталды.
Шараның аралығында қатысушыларға концерттік нөмірлер ұсынылды, бұл өз кезегінде атмосфераны жандандырып, қатысушыларға жағымды әсер қалдырды.
Артынша шара қатысушыларына және қонақтарға арналып жұмысшы шеберханасы жұмыс істеді. Бұл алаңда бірнеше мамандық бойынша мастер-класстар, тренингтер, тәжірибелік көрсетілімдер өткізілді.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ 6 алаңда өз салалары бойынша мастер-класстар өткізді. Ал қаланың колледждері 4 алаңда мамандықтар бойынша ақпарат берді. Ірі ұйымдардың жұмыс берушілері 7 алаңда кәсіпорындары туралы толық ақпарат ұсынды. Сондай ақ, Грант алушылар үшін 4 алаң арнайы ұйымдастырылды.
Шараның соңында қатысушылар «Әке мен жасадым» челленджін өткізіп, өздерінің кәсіби жетістіктерін атап өтті. Сонымен қатар, «Mansap kompasy» атты сессия ұйымдастырылып, осы салаға қызығушылық танытқан жастар өздерінің жоспарлары мен сұрақтарына жауап алды.
Бұл шара жастарды жұмысшы мамандықтары туралы кеңінен ақпараттандырып, олардың болашақта осы салада жұмыс істеуге деген қызығушылықтарын арттыруға үлкен ықпал етті. Жұмысшы мамандықтар жылына арналған «Мамандығым - Мақтанышым» атты шараның өтуі осы салаға қажетті кәсіби кадрлар даярлаудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.