Шығыс Қазақстан техникалық университетінде дәстүрлі "Түлектер жәрмеңкесі - 2025" іс-шарасы жоғары деңгейде өтті. Биылғы жәрмеңке Қазақстанда жарияланған "Жұмысшы маманықтар жылы" аясында ұйымдастырылып, бұрынғы жылдарға қарағанда ауқымдырақ әрі мағыналы болды.

Жәрмеңкеге Шығыс Қазақстан облысы мен еліміздің түкпір-түкпірінен 60-тан астам жетекші кәсіпорын өкілдері қатысты. Олар түлектер мен студенттерге өз қызметтері туралы кеңінен мағлұмат беріп, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар жайында ақпарат ұсынды. Сондай-ақ, жастарға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, тағылымдамалар мен өндірістік тәжірибелер туралы пайдалы кеңестер берілді.

Бұл іс-шара түлектер үшін ерекше мүмкіндікке айналды. Оқу орнын енді тәмамдағалы отырған жастар тікелей жұмыс берушілермен жүздесіп, өздерін қызықтырған компанияларға түйіндемелерін тапсырды. Кейбірі алдын ала әңгімелесуден өтіп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Ал кейбір түлектер кәсіпорындардың кадр резервіне енгізіліп, болашақта жаңа бос жұмыс орындары пайда болған кезде шақырту алу мүмкіндігіне ие болды.

Жәрмеңке барысында маңызды іс-шаралар да өтті. Атап айтқанда, ТОО «KAZ Minerals Aktogay» компаниясы Халықаралық инженерия мектебінің студенттері мен түлектері үшін қонақ дәрістерін өткізді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің өкілдері «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі әскери қызмет» тақырыбында брифинг өткізді.

Түлектер жәрмеңкесі - тек жұмыс табудың ғана емес, кәсіби байланыстар орнатудың, тәжірибе алмасудың және болашақ мансапқа берік қадам жасаудың бірегей алаңы. Жастар өздерінің кәсіби әлеуетін көрсетіп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар жайлы мол ақпарат алды.

ШҚТУ ұйымдастырған "Мансаптық марафон" биыл да өз мақсатына жетіп, көптеген жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер есігін ашты. Бұл шара түлектерге сенімділік сыйлап, олардың еңбек жолын табысты бастауына септігін тигізді.