Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ басқарма мүшесі-ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Жадыра Қоңырбаеваның төрағалығымен Басқарма отырысы өтті. Отырысқа Проректорлардың, мектеп декандарының, құрылымдық бөлімшелер мен құзыреттер және технологиялар трансфері орталықтарының басшыларының қатысуымен ғылымға және ғылыми-зерттеу қызметін коммерцияландыруды дамыту мен жақсарту бағыттарына қатысты негізгі мәселелер қаралды.

Жобаларды коммерцияландырудың жаңа тәсілдері мен тетіктерін жақсарту, сондай-ақ университетте іске асырылатын ғылыми жобалардың технологияларының (TRL) дайындық деңгейі туралы Басқарма мүшесі-ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Жадыра Қоңырбаева баяндады. Ол ГФ және ПЦФ жобаларының, гранттардың, ғылыми зерттеулердің, тәжірибелік-нұсқау жұмыстарының, зертханалық және өндірістік сынақтардың ерекшеліктері мен айырмашылықтары және оларды коммерцияландыру тұрғысынан қалай дамытуға және нарыққа жаңа әзірлемелермен шығуға болатындығы туралы айтып берді. Сондай-ақ, ғылым және инновациялар жөніндегі Проректор өз сөзінде университеттегі Startup қозғалысын дамыту тақырыбын, студенттік кәсіпкерліктің эко-ортасын, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамды бизнес-модельдер арқылы өз идеяларын нәтижеге дейін дамытуға ынталандыру тақырыбын қозғады.

Сондай-ақ, мектептердегі ғылыми-зерттеу қызметін коммерцияландырудың жай-күйі туралы ШҚТУ мектептерінің декандары баяндады. Олар болашақ ірі ғылыми жобаларға жоспарларымен бөлісті, сондай-ақ өз қызметкерлерінің республикалық гранттық жұмыстарға қатысуы туралы айтты.

Жалпы, ШҚТУ Басқарма отырысындағы мәселелер, талқылаулар мен тақырыптар ғылыми қызметті дамытуға, кеңейтуге және қаржылық пайда алуға, ғылыми жобалардың дамуын жақсартуға бағытталды. Бұл болашақта университеттің, аймақтың және тұтастай елдің ғылыми саласын дамытуға серпін береді.