Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде BR21882022 ғылыми жобасы аясында кездесуі өтті. Аталған жоба «Шығыс Қазақстан облысындағы қар көшкіні белсенділігін зерттеу, бақылау жүйесін әзірлеу және оларды орналастырудың ғылыми негіздемесін жасау» тақырыбына арналды.
Кездесуге ҚР ТЖМ ШҚО ТЖД «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің «ШҚТЭУ» филиалы, сондай-ақ ШҚТУ-дың ғалымдары, инженерлері мен мамандары қатысты.
ТЖД тарапынан кездесуге ШҚО ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Амангелді Енсегенов, Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Арман Наурызбаев, осы басқарманың инженері Гүлдарай Маратқызы қатысты.
«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің атынан филиал басшысының міндетін атқарушы Телгат Нұрахмет кездесу барысында сөз сөйледі.
ШҚТУ тарапынан жоба жетекшісі, университеттің цифрлық офицері Наталья Денисова, Ақпараттық технологиялар және қолдау басқармасының қызметкерлері, «Smart Engineering» құзыреттер орталығының инженерлері және Жер туралы ғылымдар мектебінің профессоры қатысты.
Кездесу барысында жоба аясында қол жеткізілген негізгі нәтижелер таныстырылып, қар көшкіні қаупі бар аймақтарды бақылауға арналған цифрлық құралдар, сонымен қатар геоақпараттық шешімдердің прототиптері ұсынылды. Ғылыми әзірлемелерді төтенше жағдайлар органдарының практикалық жұмысына енгізу мәселелері мен алынған деректерді өңірлік ескерту жүйесіне біріктіру жолдары кеңінен талқыланды.
Келген қонақтар жобаның ғылыми әрі практикалық маңыздылығын ерекше атап өтіп, университет мамандарының жоғары біліктілігін және қолданылып жатқан заманауи технологиялардың тиімділігіне оң бағасын берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар деректер алмасу, ТЖД мамандарының далалық зерттеу жұмыстарына қатысуы, сондай-ақ бақылау жүйелерін бірлесіп сынақтан өткізу бағыттарында өзара ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
BR21882022 жобасы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда және Шығыс Қазақстанның лавина қаупі жоғары аймақтарында халық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.