Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдарға арналған «Жас ғалымдардың шығармашылығы – Қазақстанның инновациялық дамуына» атты ХІ Халықаралық ғылыми-техникалық конференцияның салтанатты ашылуы мен пленарлық отырысы өтті. Іс-шара көрнекті ғалым, профессор Жеңіс Оразханұлы Құлсейітовтың 80 жылдығына арналды.

Жеңіс Оразханұлы өмірінің 50 жылдан астам уақытын осы университетке арнады – студенттік кезден бастап, оқу орнының алғашқы проректоры дәрежесіне дейін көтерілді.

Ауқымды ғылыми шараны ШҚО әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов ашты. Ол сөзінде:

«Университет ұжымын Ғылым күнімен құттықтаймын! Шығыс Қазақстан облысы инновациялық даму бойынша көшбасшылардың қатарында. Өңірде 20-дан астам ғылыми ұйым жұмыс істейді, ал ШҚТУ әлемдік рейтингте 984-орында тұр. Университеттің ғылыми-зерттеу қызметі жоғары нәтижелер көрсетіп, өңір мен ел экономикасына елеулі үлес қосуда. ЖОО жас ғалымдарды ғылымға тартуда белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Зерттеулер мемлекеттік және өңірлік бизнес тарапынан қолдау табуда», – деді әкім.

Содан кейін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрайымы Гүлзат Көбенова құттықтау сөз сөйледі:

«Жастар – трансформацияның маңызды факторы. Олар жаңа технологиялар мен оқыту әдістерін жедел енгізуде, инновациялық шешімдер ұсынуда басты рөл атқарады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғылыми зерттеулерге қаржыландыру ұлғайды, ғылыми ұйымдар жаңғыртылып жатыр, шетелдік тағылымдамалар саны артуда. Бұл ғылымды жастар үшін тартымды етеді.

«Жас ғалым» бағдарламасы аясында 2021–2024 жылдар аралығында 16 гранттық конкурс өткізіліп, 2 мыңнан астам жоба іске асырылды. Елде ғылыми зерттеулермен 425 ұйым айналысады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 11-ге көп. Ғалымдар саны 25,4 мың адамға жетті, оның 46%-ын жастар құрайды.»

Іс-шара қонақтары қатарында ШҚО әкімінің орынбасары Е.Ж. Нұрғалиев, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Жетісу облыстық филиалының директоры, университет түлегі және «KM» компаниялар тобының бас директоры Бақыт Злобин, профессор Құлсейітовтың шәкірті Қайрат Мусин болды.

Университет ректоры Сауле Рахметуллина өз сөзінде:

«Университетте ғылыми-инновациялық экожүйе белсенді дамуда. Соңғы екі жылда ғылым мен инновацияға бөлінетін бюджет 3 еседен астам өсті. «Жас ғалым» бағдарламасы аясында университеттің 30-ға жуық жас ғалымы зерттеулерін жүзеге асыруда. «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2024» республикалық байқауында 3 жас ғалым жеңімпаз атанды. 2024 жылғы республикалық СҒЗЖ байқауының нәтижесі бойынша студенттер мен магистранттар 28 жүлделі орын алды. 2024 жылы 12 PhD докторант сәтті диссертация қорғады.» - деді.

Конференцияның мақсаты – жас зерттеушілерді жан-жақты қолдау, олардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамыту, білім мен тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстар орнату, инновациялық белсенділікті арттыру және ғылыми жетістіктерді апробациялау.

Пленарлық отырыста университеттің дарынды студенттері мен магистранттары баяндама жасады.

Жас ғалымдар ғылымның өзекті бағыттары бойынша: жаратылыстану ғылымдарындағы іргелі зерттеулерден бастап, цифрлық технологиялар мен тұрақты даму салаларындағы инновацияларға дейін өз жұмыстарын ұсынды. Олардың ғылыми жобаларға қатысуы мен эксперименттік нәтижелерге негізделген баяндамалары – университет қабырғасындағы жастар ғылымының әлеуетін көрсететін маңызды үлес.

Конференция аясында ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан жетекші ғалымдар, жас зерттеушілер, студенттер мен магистранттар салтанатты түрде марапатталды.

ШҚО әкімінің алғыс хатына ие болғандар: BIM жобалау ғылыми-өндірістік орталығының басшысы — Александр Хапин, Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің профессоры — Индира Уәлиева, Жер туралы ғылымдар мектебінің жетекші ғылыми қызметкері — Бақытгүл Ағалиева, «Smart engineering» құзыреттер орталығының инженер-зерттеушісі — Бауыржан Маратұлы, «Техникалық физика» білім беру бағдарламасының 1 курс магистранты — Саясат Закеров, «Математикалық және компьютерлік модельдеу» бағдарламасының 4 курс студенті — Давид Борозенец, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен — техника ғылымдарының кандидаты Александр Хапин марапатталды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хатына — академиялық қызмет департаментінің директоры Еркежан Табиева ие болды. «Ғылым үздігі» құрмет дипломымен — Салтанат Суюбаева марапатталды.