Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа ұран» атты өңірлік іздеушілер форумы өтті.

Аталмыш форумның басты мақсаты - Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің тағдырын анықтау жолында түрлі ұйымдар мен іздеу жасақтарының күш-жігерін біріктіру, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында және өзге өңірлерде іздестіру-еріктілер қозғалысын дамытуға серпін беру.

Форумды ұйымдастырушылар қатарында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, үкіметтік емес ұйымдар және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ болды.

Жиынға Алматы қаласынан, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарынан келген іздеуші-еріктілер, іздестіру жасақтарының мүшелері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, тарих пәнінің мұғалімдері, жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, облыстық қорғаныс істері басқармаларының мамандары, білім беру саласының қызметкерлері, мектеп оқушылары, музей және архив қызметкерлері қатысты.

Форум аясында пленарлық отырыс, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, іздестіру жұмыстарының жетістіктері таныстырылды. Сонымен қатар, тарихи деректерге негізделген кітаптар, архив құжаттары мен фотоматериалдар көрмесі өткізілді. Форум соңында арнайы қарар қабылданып, қатысушылар үшін қала мен облыс аумағында экскурсиялар ұйымдастырылды.

Жиын барысында іздестіру жұмыстарының заманауи әдістері мен технологиялары талқыланып, тарихи жадыны сақтау, қаза тапқан жауынгерлердің есімдерін мәңгілік есте қалдыру және іздеу қозғалысын одан әрі дамыту мәселелері көтерілді.

Мұндай іс-шаралар жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде, олардың тарихи жады мен санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.