«Заң және тәртіп» нарративін насихаттау аясында Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлерге арналған облыстық семинар-тренинг өтті. Семинарды облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков ашып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер жұмысының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Семинар барысында «Жүректен іске: қоғамдағы волонтерлердің рөлі. Қазақстандағы волонтерлік», «Риясыз көмек психологиясы: волонтерліктің жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөлі», «Саналы ұрпақ: жастар волонтерлікті қолдайды» және «Музыканттар жалғандыққа қарсы: сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мәдениетті қолдану» сияқты өзекті тақырыптар бойынша ой бөлісті. Баяндамалардың әрқайсысы волонтерліктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске және әділ қоғам құруға өз үлесін қосуға дайын саналы азаматтардың жаңа буынын қалыптастыруда қуатты құрал бола алатындығының жарқын мысалы болды.

Іс-шараның соңында ең белсенді антикор волонтерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға қосқан үлесі және қоғам игілігі үшін атқарып жүрген жұмыстары үшін облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының грамоталарымен марапатталды.