Абай облысында 60 мың гектардан астам орманды жалмаған өртпен күрес күні бүгінге дейін жалғасуда. Қызметтік борышын өтей жүріп қаза тапқандардың құрметіне Мемлекет басшысымен бүгінгі күн «Жалпыұлттық аза тұту күні» болып жарияланды.

Президент Жарлығымен төтенше жағдайда ерлікпен жан тапсырған орман шаруашылығының қызметкерлері «Құрмет» орденімен марапатталды.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ұжымы жұмыс күнін тілсіз жаумен күресте қаза тапқандардың аруағын бір минуттық үнсіздікпен еске алумен бастады. Бүкіл елде байрағымыз төмен түсірілді.

Айта кету керек, жоғары оқу орны ерлікпен жан тапсырғандардың отбасындағы балаларға білім гранттарын ұсынады және университет ұжымы бір күндік жалақыларын аударады.

Ерлікпен жан тапсырғандар мәңгі жадымызда!