Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Инженерлік білім және болашақ технологиялары» атты облыстық форсайт-семинар өтті. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының мұғалімдері мен әдіскерлері қатысты.
Семинар «EKTU Educational Academy» желілік инженерлік мектебі мен ШҚО бойынша «Өркен» БЖ НМРО ШҚО ӨӘО» КММ-нің бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді. Іс-шара инженерлік білім беруді дамытуға, педагогтердің кәсіби құзыреттерін арттыруға және заманауи білім беру технологияларын енгізуге бағытталды.
Семинардың негізгі мақсаты тәжірибе алмасуға арналған алаң қалыптастыру, инженерлік білім беруді дамытудың перспективаларын талқылау және оқу үдерісінде жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерімен таныстыру болды.
Пленарлық отырыс барысында серіктес ұйымдардың өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, инженерлік-техникалық бағыттағы болашақ мамандарды даярлауда университет пен өңір мектептері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Семинардың негізгі бөлімінде қатысушылар жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы білім беру платформаларын әзірлеуге арналған топтық практикалық жұмыс жүргізді. Педагогтер заманауи цифрлық құралдармен танысып, кәсіби тәжірибе алмасты және өз жобаларын әзірледі. Дайын жобалар сарапшылар алдында қорғалды.
Іс-шара Лу Бань шеберханасына ұйымдастырылған экскурсиямен аяқталды. Педагогтер университеттің заманауи инженерлік инфрақұрылымымен және тәжірибеге бағдарланған оқыту мүмкіндіктерімен танысты.
«EKTU Educational Academy» желілік инженерлік мектебі мен «Өркен» ғылыми-әдістемелік орталығының бірлескен жұмысы мектептер мен университет арасындағы байланысты нығайтуға, оқытудың инновациялық тәсілдерін дамытуға және Шығыс Қазақстан облысында инженерлік білім беру үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.
Форсайт-семинар технологиялық болашақтың сын-қатерлеріне дайын жаңа буын мамандарын даярлау жолында білім беру ұйымдарының күш-жігерін біріктіретін маңызды қадам болды.