Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да Қазақстандағы мектеп оқушыларының көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған Beginit Central Asia by inDrive халықаралық жобасының іріктеу кезеңі өтті.
Шараға Oskemen Hub жанындағы Astana Hub аймақтық менеджері Дидар Мұратұлы мен Орталық Азиядағы Beginit жобасының үйлестірушісі Самат Саяқов қатысты.
Жобаның мақсаты - еліміздің әр өңірінен келген 10-сынып оқушыларының арасында әлеуметтік көшбасшыларды анықтау және олардың әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру қабілеттерін дамыту.
Beginit Central Asia жобасы Қазақстанның он аймағынан (Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстары) 10-сынып оқушыларының басын қосады.
Ол өзінің заманауи және инновациялық жобаларын әзірлеу және жүзеге асыру арқылы өз өңірлерінің өзекті мәселелерін шеше алатын жаңа әлеуметтік көшбасшыларды тәрбиелеуге бағытталған.
Жобаны inDrive компаниясы халықаралық Astana Hub технопаркі және iQanat қорымен бірлесіп жүзеге асыруда.
Компанияның миссиясы - 2030 жылға қарай білім беру, спорт, стартаптар және өнер саласындағы коммерциялық емес бастамалар арқылы әлем бойынша 1 миллиард адамға оң әсер ету.
Оқу үдерісі барысында мектеп оқушылары көшбасшылық қасиеттер мен әлеуметтік құзыреттіліктерді дамытуға ғана емес, әртүрлі шеберлік сыныптарына, семинарлар мен тренингтерге қатысады.
Жобаның үздік қатысушылары шетелге білім беру сапарларына гранттар, ҰБТ-ға дайындық курстары және компьютерлер секілді түрлі жүлделер алады. Бұдан бөлек, 20 финалист Алматы қаласындағы inDrive компаниясының inVision U инновациялық университетіне оқуға шақыртылады.
Мәселен, өткен маусымда жобаға 800-ден астам өтініш түсіп, оның ішінде 37 оқушы финалға өткен. Жеті жеңімпаз шетелдік сапарларға гранттар мен басқа да жүлделерге ие болды, ал 18 қатысушы inVision U бағдарламасының Foundation Year бағдарламасына шақырылды.