2025 жылғы 23 сәуірде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне Shaanxi Shangpin Shuren Education Technology Co., Ltd. компаниясының директоры және Орталық Азия елдеріндегі «Бір белдеу, бір жол» кәсіптік білім беру альянсының төрағасы Сюэ Мин ресми сапармен келді. Бұл кәсіптік білім беру альянсына Қытайдың 120-дан астам колледжі, институты және университеті мүше болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Shaanxi Shangpin Shuren Education Technology Co., Ltd. арасында халықаралық ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандумға сәйкес, ынтымақтастық келесі бағыттарда жүзеге асырылуы мүмкін:
- білім беру үдерісін ұйымдастыруды жетілдіруге бағытталған бірлескен іс-шаралар;
- профессорлық-оқытушылық құрам мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау;
- дәріс оқу, онлайн семинарлар өткізу және кеңес беру үшін оқытушыларды шақыру;
- ғылыми-әдістемелік журналдарда және жинақтарда бірлескен ғылыми мақалалар жариялау; оқытушылар мен студенттердің симпозиумдарға, семинарларға және конференцияларға қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету;
- мамандықтар бойынша өндірістік тәжірибе және практикаға бағытталған оқытуды ұйымдастыру;
- тараптардың оқытушыларына арналып қосымша келісімдер негізінде ұйымдарда бірлескен тағылымдамалар ұйымдастыру;
- қосымша келісімдер негізінде оқу, оқу-бағдарламадан тыс және басқа да іс-шаралар аясында студенттер алмасуын жүзеге асыру.
Сюэ Мин мырзаның шақыруымен университет делегациясы 21–25 мамыр аралығында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Асия Машекенованың басшылығымен Қытайдың Шэньси провинциясындағы Сиань қаласына іссапармен барды. Делегация құрамындағы өкілдер «Бір белдеу — бір жол» кәсіптік білім беру альянсының 9-шы Халықаралық форумына, Орталық Азия елдеріндегі кәсіптік білім мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға қатысты, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындарды, кәсіптік колледждерді және Цзюцюань кәсіптік-техникалық университетін аралады.