Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Дархан  Мырзабаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Лу Бань шеберханасына барды.
Кездесуді ШҚТУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры А. Машекенова өткізді. Сапар барысында ол вице-министрге Лу Бань шеберханасының қызметін, заманауи жабдықтарын, білім беру мүмкіндіктерін және инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың негізгі бағыттарын таныстырды.

Дархан Мырзабаев жұмыс берушілердің мамандар даярлауға қатысуымен, студенттердің практикалық құзыреттерін қалыптастыруда шеберхана жабдықтарын пайдалану тәжірибесімен, сондай-ақ бірлескен білім беру, ғылыми-технологиялық және өндірістік жобаларды іске асыру мүмкіндіктерімен танысты.

Өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңір үшін тәжірибеге бағытталған инженерлік білім беруді дамыту айрықша маңызға ие. Қазіргі кәсіпорындарға озық технологияларды меңгерген, өндірістік үдерістерге жылдам бейімделетін және нақты инженерлік міндеттерді шеше алатын мамандар қажет. Лу Бань шеберханасы оқу үдерісін заманауи өндіріс жағдайларына жақындатып, университет пен индустрия арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Вице-министр шеберхананың жұмысы мен инженерлік білім беруді дамытуға қосып отырған үлесін оң бағалады. Мұндай сапарлар университет үшін маңызды: олар қалыптасқан білім беру және технологиялық инфрақұрылымды мемлекеттік деңгейде таныстыруға, өнеркәсіп саласының кадрлық әрі технологиялық қажеттіліктерін талқылауға, бейінді мемлекеттік органдармен және нақты сектор кәсіпорындарымен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға жол ашады.

Лу Бань шеберханасы алдағы уақытта да сұранысқа ие инженерлік кадрларды даярлайтын, озық технологияларды енгізетін және индустриялық серіктестермен бірлескен бастамаларды жүзеге асыратын заманауи алаң ретінде дамуын жалғастырады.