Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Германияның Рур университеттері альянсы өкілдерінің қатысуымен Халықаралық білім және ғылым апталығы өтті. Альянс құрамына Бохумдағы Рур университеті, Дортмунд техникалық университеті және ДуйсбургөЭссен университеті кіреді.
Іс-шара Қазақстан мен Германия арасындағы халықаралық академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытудың маңызды қадамы болып, Германияның жетекші жоғары оқу орындарының қолдауымен ШҚТУ базасында құрылған Қазақстан-Герман ғылым және технологиялар институтын (ҚГҒТИ) одан әрі дамытуға серпін берді.
Технологиялық дамудың қарқынды үдеуі жағдайында заманауи кәсіби және зерттеушілік құзыреттерге ие жаңа буын инженерлерін даярлау ерекше маңызға ие. Осыған байланысты халықаралық әріптестікті кеңейту және бірлескен білім беру мен ғылыми жобаларды іске асыру университеттің даму стратегиясының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Апталық бағдарламасы адами капиталды даярлаудың барлық деңгейлерін қамтыды – мектеп оқушыларынан бастап жас ғалымдар мен зерттеушілерге дейін. Оқушылар үшін химия, биология, машина жасау және инженерия бағыттары бойынша тәжірибелік сабақтарды қамтыған халықаралық STEM-лагерь ұйымдастырылды. Қатысушылар STEM-квесттерге, интерактивті тапсырмалар мен тақырыптық викториналарға қатысып, қорытындысында сертификаттарға ие болды.
Магистранттар, докторанттар және жас зерттеушілер үшін ғылыми сессиялар, зерттеу воркшоптары және Германия университеттерінің өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми зерттеулердің перспективаларын талқылауға және Қазақстан мен Германияның ғылыми қауымдастықтары арасында тұрақты академиялық байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
Қатысушылар арасында Еуропадағы ең ірі университеттік бірлестіктердің бірі саналатын Рур университеттері альянсы өкілдерінің таныстырылымдары ерекше қызығушылық тудырды. Қонақтар Германиядағы білім алу және ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, халықаралық гранттар және бірлескен білім беру мен ғылыми жобаларды жүзеге асыру перспективалары туралы ақпарат берді.
Халықаралық білім және ғылым апталығының маңызды оқиғаларының бірі ШҚТУ жанындағы Қазақстан-Герман ғылым және технологиялар институты базасында ашылған g.a.s.t. неміс тілін тестілеу халықаралық орталығының таныстырылымы болды. Орталық Германиядағы g.a.s.t. ұйымының ресми лицензияланған серіктесі болып табылады және Германияда білім алу, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу және кәсіби қызметпен айналысу үшін қажетті халықаралық тілдік емтихандарды тапсыруға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның ғылыми бөлігі су ресурстары, экология және табиғатты тұрақты пайдалану салаларындағы бірлескен зерттеулерді дамытуға арналды. ШҚТУ мен Германия университеттерінің өкілдері бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, қос диплом бағдарламаларын кеңейту және халықаралық деңгейдегі мамандар даярлау мәселелерін талқылады.
Халықаралық білім және ғылым апталығының өткізілуі Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Қазақстандағы халықаралық академиялық ынтымақтастықтың жетекші орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады. Университет шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып, студенттерге, оқытушыларға және зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашып, болашақ экономикасы үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға өз үлесін қосуда.






