Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов ШҚО-ға жұмыс сапары аясында Даниал Кенжетайұлының қатысуымен ШҚТУ-ға келді.
Негізгі мақсат - Қазақстандағы алғашқы "Лу Бан атындағы шеберхананың" даму барысымен таныстыру.
Жоғары дәрежелі қонақ үшін университет базасында шеберхана ашу тұжырымдамасының тұсаукесері ұсынылды.
Бұған дейін ҚР мен ҚХР арасындағы қолданбалы технологиялар және жоғары техникалық білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай - ақ "Бір белдеу-бір жол" бастамасын қолдау мақсатында екі мемлекет басшылары арасында осы жобаны Қазақстанның жоғары оқу орындарының бірінің базасында іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілген.
Жобаны іске асыру шеңберінде қытай тарапы "Жеңіл гибридті автомобиль", "Жеңіл электрлік автомобиль", "Электр жабдығының құрылғысы және диагностикасы", "Гибридті автомобиль/электромобильдің зарядтау станциясы" және т. б. оқу-өнеркәсіптік стендтерді, өнеркәсіптік роботтандырылған өндіріс саласындағы оқыту жабдықтарын орнататын болады.
Бұдан басқа, CDIO және "Инновациялық жобаның инженерлік практикасы (EPIP)" халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес әзірленетін "Мамандығым-Болашағым" жобасы шеңберінде Автомобильдер мен инновациялық технологиялардың жаңа бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеу жоспарлануда.
Сондай-ақ Алтай Сейдірұлы университеттің материалдық-техникалық базасымен танысты. Ақылды инжиниринг технологиялары әзірленетін "Smart Engineering" құзыреттілік орталығына ерекше назар аударылды.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, қолдау білдіретінін айтты.