IT HUB Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің іс-сапары аясында ашылды.

ІТ саласы мамандарының басын қосатын орталықтандырылған хаб ашу жыл басынан бері жоспарланып келді. Оның негізгі мақсаты - ІТ жобаларды жүзеге асыруда жастарды қолдау. Мұнда биыл 20-30 жоба жүзеге асыру көзделген.

Орталықты ұйымдастыру шараларын Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттілік және технологиялар трансфері орталығының бас инженері Дидар Мұратұлы, "Astana Hub" Басқарушы директоры Алина Бауыржанқызы және "ШҚО цифрландыру және мұрағаттар басқармасының" басшысы Рүстем Досқожа жүзеге асырды.

IT HUB-тың ашылу салтанатында "Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті", ШҚО әкімдігі, "Astana Hub" арасында үшжақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

«Облыс басшылығы тарапынан ұсынылған материалдық-техникалық база, "Astana Hub"-тың әдістемелік және үйлестіруді қолдауы, кадрлық және зияткерлік әлеуеті, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттерінің IT-жобаларын ұсынуы терезесі тең шешім болды», - деді Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма Төрағасы Ректор Сәуле Рахметуллина.