Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға Германия Федеративтік Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен келді. Сапар барысында елшіге басқарма төрағасы - ректор Рахметуллина Сәуле Жәдігерқызы және Басқарма мүшесінің м.а. - халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Сұлтан Ертай шағын экскурсия өткізді. Олар елшімен екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылап, университеттегі дуальды білім беру саласын дамыту жоспарларымен бөлісті.
Елшіні ШҚТУ-дың ғылыми жобалары, протездеу және медициналық саладағы әзірлемелер қызықтырды. Сонымен қатар, университет базасындағы алғашқы Қазақстандық медициналық технопарк жобасы ерекше әсер қалдырды. Smart engineering құзыреттілік орталығында Елші ғалымдармен және қызметкерлермен әңгімелесіп, олардың құзыреттілігі мен зертханалардың заманауи жабдықтармен интеграциялануының жоғары деңгейін атап өтті.
- Жалпы, ШҚТУ-да Германиямен өзара іс-қимылдың өзіндік тарихы бар. Біздің университет осы елмен түрлі деңгейде ынтымақтастығын нығайтып, жалғасын табатынына сенімім мол. Қазір біз жоғары оқу орнымыздың базасында болатын Қазақстан-Германия ғылым және технология зерттеу институтының тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз, - деп атап өтті Басқарма төрағасы-ректор Рахметуллина Сәуле Жәдігерқызы.
Германия Федеративтік Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен зерттеу институтын құру идеясын оң қабылдап, өзінің тарапынан қолдау көрсететінін жеткізді.