Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында мәдениет, тарих, заманауи технологиялар мен түркі халықтарының дәстүрлерін тоғыстырған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» (Altay Fest 2026) халықаралық фестивалі өтті. Фестиваль аясында халықаралық айтыс, аламан бәйге, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, этномәдени іс-шаралар, қолөнершілер көрмесі және Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің қатысуымен өткен ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті фестивальге қатысып, университет студенттері әзірлеген инновациялық жобаларды көпшілік назарына ұсынды.
ШҚТУ көрме алаңында келесі әзірлемелер таныстырылды:
- университет студенттері жасаған Қазақстан тарихы бойынша білім беру компьютерлік ойыны;
- келушілерді университет кампусымен таныстыратын Ai Sana гид-роботы;
- Шығыс Қазақстанның ең танымал тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі – Ақбауыр археологиялық кешені бойынша VR-тур, ол келушілерге виртуалды саяхат жасауға мүмкіндік береді.
Ұсынылған жобалар фестиваль қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырып, студенттердің идеяларының білім беру, ғылым, мәдениет және заманауи технологияларды біріктіретін сұранысқа ие цифрлық шешімдерге айналатынын айқын көрсетті.
ШҚТУ-дың Altay Fest 2026 фестиваліне қатысуы университет студенттерінің ғылыми және шығармашылық әлеуетін танытуға, сондай-ақ инновациялық әзірлемелер арқылы Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға қосқан маңызды үлесі болды.
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі жыл сайын мыңдаған қонақты жинап, туризмді дамытуға, мәдени байланыстарды нығайтуға және өңірдің тарихи мұрасын дәріптеуге ықпал ететін Шығыс Қазақстандағы ірі халықаралық алаңдардың біріне айналып келеді.