Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қалиева Қ.С. Ұлан ауданы, Таврия ауылындағы орта мектебінде өткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған патриоттық іс-шараға мектеп басшылығының шақыруымен қатысты.
Кездесу барысында университет оқытушысы соғыста қаза тапқан төрт бірдей атасы туралы іздеу-зерттеу жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Архивтік дереккөздермен және онлайн базалармен жұмыс тәжірибесімен бөлісе отырып, Қалиева Қ.С. отбасылық естеліктерді сақтаудың және тарихи шындықты келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Оның жеке тарихқа негізделген баяндамасы мектеп ұжымы мен оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Мектеп мұғалімдері Сағидолда А. мен Дүйсенбекова А.Ж. Ян Френкельдің «Журавли» әнін қазақ тілінде орындады (аударма авторы – Ж. Хамидуллин, Астана қаласы).
Кездесуден кейін Қалиева Қ.С. мектеп директоры Мұхитов Мұхамедсапа Фазылжанұлының жетекшілігімен мектеп мұражайымен танысты. Мұражайда Таврия ауылы мен мектептің тарихы, соғыс ардагерлері, оқушылар мен мұғалімдердің жетістіктері, сондай-ақ мектептің түрлі ұйымдармен ынтымақтастығына арналған көрмелер ұсынылған. Сонымен қатар, оқушылар ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын тереңірек танып-білетін «Абайтану» кабинеті мен ұлттық тарих пен мәдени мұраны насихаттайтын «Мәдени мұра» кабинеті де ерекше әсер қалдырды.
География пәнінің мұғалімі Нұртазова С.Е. мен тарих пәнінің мұғалімі Тойбазарова Б. жетекшілік еткен 8–11 сынып оқушыларының туған өлке тарихына деген қызығушылығының арқасында бұл кездесу тарихи сана мен мәдени мұраны терең құрметтеу атмосферасында өтті.
Іс-шара аясында Қалиева Қ.С. ШҚТУ ұсынатын білім беру мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Мектеп оқушыларына инженерлік мамандықтар, ақпараттық технологиялар мен экономика бағыттары бойынша заманауи білім беру бағдарламалары, студенттерге арналған академиялық ұтқырлық, ғылыми жобаларға қатысу және түлектердің мансаптық мүмкіндіктері таныстырылды.
Мұндай кездесулер мектептер мен жоғары оқу орындарының арасындағы байланысты нығайтуға, оқушылардың ел тарихына қызығушылығын арттыруға және болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға ықпал етеді. ШҚТУ – еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі ретінде, жастарды сапалы білім алуға ынталандыру бағытында кәсіби бағдар беру жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда.