Германияда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (ШҚТУ) мен Клаусталь технологиялық университетінің (TU Clausthal) өкілдерінің кездесуі өтті.
Кездесу металлургия және пайдалы қазбалар өндіру саласындағы Қазақ-Неміс ғылым және технологиялар институтының қызметі аясында ұйымдастырылды. Жиын барысында білім беру бағдарламаларын дамыту және ғылыми зерттеулерді жетілдіру мақсатында тау-кен ісі, металлургия, инженерия және тұрақты технологиялар саласындағы бірлескен жұмыс перспективалары талқыланды.
1775 жылы негізі қаланған Клаусталь технологиялық университеті Германияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады және 250 жылдан астам тарихы бар. Университет тау-кен ісі, энергетика, машина жасау, технологиялық жобалау және экология салаларында инновациялық тәсілдерді белсенді түрде дамытып келеді. Бұл университет аталған салаларда көшбасшы болып табылады және халықаралық деңгейде мойындалған.
Өз кезегінде ШҚТУ Қазақстанның жетекші университеттерінің бірі ретінде тау-кен, энергетика, құрылыс және металлургия салалары үшін мамандар даярлайды. Университет тау-кен инженериясы мен экологиялық технологиялар саласындағы инновацияларға бағытталған бағдарламаларды белсенді түрде дамытып, Қазақстан экономикасының негізгі салаларына сұранысқа ие мамандарды даярлауда маңызды орталық болып табылады.
Клаусталь технологиялық университетімен серіктестік екі университет арасында білім, тәжірибе және ресурстар алмасу платформасын құрады. Ынтымақтастық аясында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильділігі, сондай-ақ жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу жоспарлануда. Бұл білім сапасын жақсартуға және екі елдегі зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Серіктестік аясында сондай-ақ тау-кен және металлургия салаларының өзекті мәселелерін, соның ішінде тұрақты технологияларды енгізу, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және табиғи ресурстарды қайта өңдеудің инновациялық әдістерін талқылауға арналған семинарлар, конференциялар және салалық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Кездесу барысында TU Clausthal мен ШҚТУ профессорлары тау-кен ісі бойынша қосдипломды білім беру бағдарламасының мазмұнын және оны жүзеге асыру шарттарын талқылады. Бағдарламаның құрылымы, мазмұны және іске асыру механизмдері қарастырылып, тиімді әрі сұранысқа ие бағдарламаны жасау мүмкіндігі анықталды.