«Қазақстан - академиялық білім аумағы» атты халықаралық стратегиялық серіктестер форумының аясында, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған іс-шарада Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті «Smart Safety Monitor» атты өнеркәсіптік қауіпсіздіктің зияткерлік жүйесін таныстырды. Жоба Industrial AI құзыреттер орталығының базасында әзірленген.

Жобаның нәтижесі бойынша ШҚТУ жеңімпаз атанып, өнеркәсіп саласында жасанды интеллектіні қолдану бағытында үздік шешімдердің бірін ұсынды. «Smart Safety Monitor» - тау-кен металлургиясы және оған іргелес салалардағы қауіпсіздік пен өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған зияткерлік платформа. Жүйе нысандарды, адамдарды, қауіпті жағдайларды және жеке қорғаныс құралдарын қолдануды автоматты түрде анықтау үшін компьютерлік көру мен машиналық оқыту алгоритмдерін біріктіреді.

Бұл әзірлеме ШҚТУ-дың жасанды интеллект және өндірістік технологиялар саласындағы жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп, университеттің Қазақстандағы жетекші ғылыми және инновациялық орталық ретіндегі беделін нығайтты.

Industrial AI құзыреттер орталығының командасын лайықты жеңісімен құттықтаймыз және университет жетістіктерін мойындағаны үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғысымызды білдіреміз!