9 қазанда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Туған жер – алтын бесігім» облыстық жобасы аясында Жер туралы ғылымдар мектебі мен Сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің 3–4 курс студенттері Марқакөл ауданының өкілдерімен кәсіби бағдар беру кездесуіне қатысты.
Кездесуге Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әсем Болысова және аудандық Мансап орталығының директоры Мадина Сабранова қатысты.
Іс-шараға тау-кен саласының өкілдері де қосылды: «Manka» тау-кен компаниясы ЖШС-нің бас энергетигі Достан Айтбаев, алтын өндіру фабрикасының директоры Дәурен Абралин, «MLD» тау-кен компаниясы ЖШС-нің HR маманы Динара Рахманова және компания маманы Әнел Тимурқызы.
Кездесудің негізгі тақырыптары жас мамандарды жұмыспен қамту мүмкіндіктері, сұранысқа ие мамандықтар, ауылдық аумақтарды дамыту және мемлекеттік қолдау шаралары болды.
Қатысушылар Марқакөл ауданындағы бос жұмыс орындарымен, кәсіби даму мүмкіндіктерімен, сондай-ақ мамандарды қолдауға және тұрғын үй мәселесін шешуге жәрдемдесуге бағытталған «Дипломмен – ауылға!», «Шығыс шақырады» және «Қаладан ауылға» бағдарламаларымен танысты.
Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына да ерекше назар аударылды. Студенттерге жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алу, ауыл шаруашылығы, өңдеу, туризм және басқа да салаларда бизнес-жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы айтылды.
Кездесу болашақ мамандарға өңірдегі мансаптық мүмкіндіктер туралы білуге, кәсіпорын өкілдерімен танысуға және мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік берді.