Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Жер туралы ғылымдар мектебі студенттері үшін «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жобасы аясында Мемлекеттік қызмет істері департаментінің өкілдерімен кездесулер өтті.
Кездесулер бітіруші курс студенттерін мемлекеттік органдардағы кәсіби даму мүмкіндіктерімен және мемлекеттік қызметке орналасу тәртібімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.
Департамент өкілдері мемлекеттік қызметке үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар, конкурстық іріктеу кезеңдері және тестілеуден өту тәртібі туралы айтып берді. Қатысушылар мемлекеттік қызметке алғаш рет орналасудың ерекшеліктері, конкурстық рәсімдердің өту тәртібі және жас мамандар үшін қарастырылған жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат алды.
Кездесулер барысында «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жобасына ерекше назар аударылды. Студенттерге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан филиалында білім алу және мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өту мүмкіндіктері таныстырылды. Мұндай формат болашақ мамандарға мемлекеттік органдардың жұмысымен іс жүзінде танысуға, кәсіби тәжірибе жинақтауға және қажетті құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар студенттерге «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы және ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға барған мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат берілді.
Кездесулер ашық диалог форматында өтті. Студенттер мансаптық мүмкіндіктер, болашақ мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар және кәсіби даму перспективалары туралы жан-жақты ақпарат алды.
Мемлекеттік қызмет жас мамандарға кәсіби тұрғыдан өсуге, білімдері мен қабілеттерін жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Осындай мүмкіндіктермен студенттік кезеңнен бастап танысу болашақ мамандарға өз мансаптық жолын сенімді жоспарлауға көмектеседі.