2026 жылғы 24–28 тамыз аралығында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Педагогикалық шеберлік - 2026» жазғы мектебі өтті. «Болашақ капиталы» жобасы аясында ұйымдастырылған 36 сағаттық бағдарлама ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің кәсіби, зерттеушілік және цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталды.
«Жоғары оқу орнының заманауи оқытушысы: педагогика, ғылым, құқық және жасанды интеллект» тақырыбына арналған мектепте қатысушылар білім беру үдерісінде қолдануға болатын заманауи әдістер мен құралдарды тәжірибе жүзінде меңгерді.
CDIO педагогикалық зертханасында оқытушылар инженерлік шешім әзірлеудің толық цикліне негізделген практикалық сабақ сценарийлерін жасады. Web of Science, Scopus, «Параграф», ШҚТУ электрондық кітапханасы және басқа да ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу ғылыми ізденіс пен сапалы оқу материалдарын дайындау мүмкіндіктерін кеңейтті. Құқықтық модульде кейс-әдіс арқылы жанжалдардың алдын алу, шиеленісті бәсеңдету және дауларды сындарлы шешу жолдары қарастырылды.
Бағдарламаның маңызды бөлігі жасанды интеллектіні оқу-әдістемелік және ғылыми қызметте қолдануға арналды. Қатысушылар ChatGPT, Google Gemini, Claude және Copilot мүмкіндіктерімен танысып, промпт-инжиниринг тәсілдерін, білім беру контентін әзірлеу, бағалау және оқытуды дербестендіру жолдарын меңгерді. Қорытындысында әр қатысушы «Оқытушының жасанды интеллект құралдары» атты шағын жобасын дайындады.
Ақпаратты сыни тұрғыдан тексеру, авторлық құқықты сақтау, деректерді қорғау және академиялық әдеп талаптарын орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жасанды интеллект оқытушының орнын алмастыратын технология емес, оның мүмкіндігін кеңейтіп, студенттермен мазмұнды жұмыс жүргізуге көмектесетін құрал ретінде қарастырылды.
Педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуы білім беру бағдарламаларын жаңартуға, студенттерді даярлау сапасын арттыруға және технологиялық өзгерістерге дер кезінде жауап беруге мүмкіндік береді. Жаңа оқу жылы қарсаңында өткен Жазғы мектеп тың идеялар мен практикалық шешімдерге жол ашты.
ШҚТУ оқытушылары мен қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймыз! Шығармашылық табыс, кәсіби өсу және жаңа жетістіктер тілейміз!