Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында «Қазақстандағы және шектес аумақтардағы этнодемографиялық процестер» атты XXIII халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын аяқтады. Бұл маңызды ғылыми шараға Германия, Ресей және Қырғызстаннан 50-ге жуық ғалым мен сарапшы қатысты. Атап айтсақ, ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобы, Алтай мемлекеттік университетінің «Үлкен Алтай» Алтайтану және түркітану ҒБО, Иркутск мемлекеттік университетінің демография саласындағы кадрлық әлеуетті дамытудың Байкал өңірлік орталығы, Тынық мұхиты мемлекеттік университетінің Әлеуметтік және саяси ғылымдардың жоғары мектебі, Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінің Жалпы тарих кафедрасы және «Ресей және Шығыс» ОҒЗЛ өкілдері төбе көрсетті. Конференция барысында этнодемографияның өзекті мәселелері талқыланып, Қазақстан мен оның көрші елдеріндегі этникалық және демографиялық өзгерістердің динамикасы, сонымен қатар осы саланың болашақтағы дамуы туралы ғылыми пікірталастар өтті.

Конференцияның басты ұйымдастырушысы – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Digital Social Research» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы. Бұл орталық жыл сайын этнодемографиялық зерттеулер мен әлеуметтік ғылымдардың әртүрлі аспектілері бойынша ғылыми жұмыстарды жинақтап, сарапшылар мен зерттеушілердің басын қосып отырады. Биылғы конференция осы бағыттағы ең маңызды іс-шаралардың бірі болып табылды.

Қазақстан мен оның көрші мемлекеттеріндегі этнодемографиялық процестердің ерекшеліктері мен олардың әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпалы туралы пікір алмасулар өте маңызды болды.

Шараның қорытындысы бойынша конференция материалдары жинақ болып басылып шықты. Бұл жинақ ғылыми зерттеулер мен практикалық ұсыныстарды қамтиды және келешекте этнодемографиялық ғылымның дамуына септігін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ, конференция қатысушылары өздерінің зерттеу нәтижелерін әріптестерімен бөлісіп, болашақтағы бірлескен зерттеу жұмыстарына жол ашты.

«Digital Social Research» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының ұжымы осы шараны тұрақты түрде ұйымдастырып келеді және келешекте де этнодемографиялық зерттеулерді қолдауды жалғастыруды жоспарлап отыр.