Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің делегациясы Бейжіңде халықаралық білім беру жөніндегі Қытайдың 27-ші жыл сайынғы конференциясы мен көрмесіне - CACIE және оның аясында өтетін China Education Expo (CEE) халықаралық білім беру көрмесіне қатысуда. Делегацияны университеттің Басқарма мүшесі  академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асия Машекенова бастап барды.

Сапардың негізгі мақсаты: ШҚТУ-дың білім беру бағдарламаларын қытайлық талапкерлер мен әлеуетті серіктестерге таныстыру, шетелдік студенттерді тарту және Қытай жоғары оқу орындарымен академиялық ынтымақтастықты дамыту.

Бағдарламада пленарлық отырысқа, тақырыптық форумдарға және іскерлік кездесулерге қатысу көзделген. Бұл алаңдар университет өкілдеріне халықаралық білім берудегі тәжірибелермен танысуға, академиялық ұтқырлық, бірлескен және қос дипломды бағдарламалар бойынша әріптестік мүмкіндіктерін талқылауға жағдай жасайды.

CEE көрмесінде ШҚТУ-дың білім беру мүмкіндіктерін талапкерлерге, ата-аналарға, университеттер мен білім беру ұйымдарының өкілдеріне таныстыру жоспарланған. Сонымен қатар қытайлық серіктестермен жүзеге асырылып жатқан жобаларға, соның ішінде Лу Бань шеберханасы мен ҚХР азаматтарына арналған дайындық курсына назар аударылады.

Мұндай халықаралық іс-шараларға қатысу ШҚТУ-дың шетелдегі танымалдығын арттырып, жаңа академиялық байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Университет үшін бұл - студенттер мен оқытушылардың халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге, инженерлік білім беруді дамытуға және Қазақстанның білім беру әлеуетін танытуға бағытталған жұмыс.