2026 жылғы 4 маусымда Астана қаласында жастарға арналған «ReStart» экологиялық жобасының (Қазақстан) 10-мерейтойлық маусымының финалы өз мәресіне жетті. Биылғы жылы жоба еліміздің 23 жоғары оқу орнын және 220 мыңнан астам студентін біріктірді. Бастама аясында Қазақстанның түрлі өңірлерінде жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған экологиялық акциялар, оқыту тренингтері, сенбіліктер және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде республикалық «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде өткізілген іс-шаралар да бар.

Финалдың алғашқы күні жоғары оқу орындарының командалары тұрақты даму және экологиялық ағарту бағытындағы атқарған жұмыстарының нәтижелерін қазылар алқасына таныстырды. Қатысушылар қалдықтарды бөлек жинау жүйелерін енгізу, студенттік экоклубтардың қызметі, экологиялық акциялар мен сенбіліктерді ұйымдастыру, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған өз бастамалары туралы баяндады.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті өзінің экологиялық жобалары мен тәжірибелерін жоғары деңгейде таныстырды. Қатысушылар мен сарапшылардың ерекше қызығушылығын Тұрақты даму офисі әзірлеген, қалдықтарды бөлек жинау қағидаларын интерактивті түрде үйретуге бағытталған авторлық SoRRRtify білім беру ойыны тудырды.Ойынға авторлық куәлік алынған, ал ойын карталары қайта өңделген ПЭТ-бөтелкелерден өндірілген филаменттен дайындалған.

Сонымен қатар университет қайта өңделген пластик бөтелке қақпақтарынан жасалған үстел сағатын таныстырды. Бұл жобалар білім беру ортасында айналым экономикасы мен жауапты тұтыну қағидаттарын енгізудің жарқын үлгісі болды.

Финалдың екінші күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, бейінді министрліктердің өкілдері, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), экологиялық ұйымдар, сарапшылар қауымдастығы мен бизнес өкілдерінің қатысуымен панельдік сессиялар өтті. Қатысушылар қазіргі экологиялық сын-қатерлерді, тұрақты даму мәселелерін және жастарды экологиялық проблемаларды шешуге тарту перспективаларын талқылады.

Жоба қорытындысы бойынша ШҚТУ командасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, өз жұмыстарының нәтижелерін сәтті қорғады және өзекті экологиялық мәселелерді көтерді. Айрықша жетістік ретінде ШҚТУ-дың Тұрақты даму офисінің қызметкері Екатерина Александровна Строкова «Үздік куратор» номинациясы бойынша II орынға ие болды.

ReStart жобасына қатысу ШҚТУ-дың тұрақты даму, экологиялық білім беру және студенттер мен қызметкерлер арасында инновациялық экологиялық бастамаларды дамыту бағытындағы белсенді ұстанымының тағы бір дәлелі болды.