Осындай ұранмен Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттерінен құралған ерікті жастар алғаш рет волонтерлер әнұранын жазып, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған форумда жалынды жүрекпен орындап шықты. Әнұран университет студенттерінің күнделікті ұранына айналды. Әр сөзінде ерекше мән бар әнұранда жемқорлыққа жаны қас, адалдықты жаны сүйетін жастардың мақсаты мен ұстанымы айқын көрінеді. Әнұран арқылы өз ойларын жеткізе білген волонтерлер тың идеялар ұсынып, арнайы бейнеролик түсірді.

Форумға облыс әкімі Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Денис Шакенов, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың жетекшілері, ЖОО және орта-арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, мемлекеттік қызметшілер, бизнес және БАҚ өкілдері қатысқан болатын. Шарада сөз сөйлеген аймақ басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың тиімді өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, форум барасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы қызметінің нәтижесін талқылады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне кеңінен тарту мақсатында осы жылдың тамыз айынан бастап іске асырылып келеді. Жобаның бағыттарының бірі - студенттерді сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі іс-шараларға тарту. Осы жоба аясында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ еріктілері ауқымды жұмыстар атқарды, атап айтса: «Парасатты балақай», «Парасат студиясы», «Еріктілер форумы», «Тедх форматындағы кездесулер», «Парасат лагері», конференциялар, семинарлар секілді іс-шараларды ұйымдастырып, әлеуметтік роликтер түсірді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумында волонтерлерді бүгінгі адамзаттың элитасына, бүгінгінің батырына теңеген еді. Ендеше, қоғамның алдыңғы сапында жүрген нағыз қаһармандар, бүгінгі әлемнің үлгі тұтар бейнесі - еріктілердің еңбектері ел игілігіне жұмсала берсін деген тілек айтамыз.