Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да "Автомобиль жолдары" мамандығы бойынша университетті 1971 жылы бітірген түлектердің мерейтой кездесуі өтті. Бұл ретте Майдан Мыңбаев және Владимир Екимов бастаған түлектердің бастамашыл тобы негізгі рөлді атқарды. 18 түлекке университет бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Олардың кейбірі білім ордасында 50 жылдан астам уақыт болмаған.
- Әрине, көп нәрсе өзгерді. Ғимараттың сыртқы келбеті, интерьері, дәліздері де әдемі жасалыпты. Бірақ қанша өзгерсе де бұл жер жанымызға жақын, әр бұрышы бізге таныс. Қазір қандай керемет эмоцияны бастан кешіп жатқанымызды сөзбен жеткізе алмаймын, - дейді Константин Ильясов.
Экскурсиядан кейін түлектердің өтініші бойынша қазіргі уақытта Ресейде тұратын курстастарымен бейнеконференция ұйымдастырылды. Одан әрі дастархан басында, олар өздері туралы, кәсіби жетістіктері, отбасылары жайында айтып, курс тарихын, студенттік өмірдің қызықты кездерін еске алды. Кездесу соңында түлектер университеттің үлкен де тату отбасына шығармашылық табыс, бақыт пен денсаулық тіледі.