Бүгін «Клевер» экоклубының командасы ТМД елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы 14-Халықаралық экологиялық олимпиаданың практикалық кезеңіне қатысты. Биыл жарысқа рекордтық көрсеткішпен — 7 елден 54 команда қатысуда. Студенттер қалалық қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонын рекультивациялауға арналған жобаны ұсынды. Олар тек жоғары дайындық деңгейін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар заманауи экологиялық өзекті мәселелердің бірін шешуге деген шынайы қызығушылықтарын танытты.

Команданың жобасы Өскемен қаласындағы жылдар бойы жиналған қалдықтар әсерінен бүлінген аумақтарды қалпына келтіруге бағытталды. ҚТҚ полигондарын рекультивациялау — бұл жай ғана техникалық міндет емес, бұл — болашаққа қосқан үлес: ластанған жерлерді қайта тірілту, топырақты қалпына келтіру, жер асты суларының ластануын болдырмау және парниктік газдар шығарындыларын азайту. Студенттер аймақтың табиғи ерекшеліктерін және жергілікті қауымдастықтардың мүдделерін ескере отырып, заманауи технологиялар мен экологиялық қауіпсіз шешімдерге негізделген кешенді тәсілді ұсынды.

Студенттердің бұл жобасы жыл сайын 22 сәуірде аталып өтетін Дүниежүзілік Жер күніне арналды. Бұл күн бізге қоршаған ортаның нәзіктігін және Жерге деген жауапкершілікті еске салады. Ол әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамдарды біріктіріп, ағаш отырғызу сияқты қарапайым қадамдардан бастап, ауқымды экологиялық бастамаларға дейін нақты әрекеттер жасауға шабыттандырады.

Осындай іс-шараларды қолдау мен насихаттау - бүгінде ерекше маңызды. Себебі экологиялық қиындықтар тек назар аударуды ғана емес, сонымен қатар белсенді атсалысуды қажет етеді. Біздің команда ұсынған жоба сияқты жастар бастамалары — білім мен жігердің табиғат пен қоғам игілігіне қалай жұмсалатынының айқын үлгісі.