Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында "Энергетика" бағыты бойынша Өскемен ЖЭО филиалын ашты. Оған "Жылу энергетикасы" және "Электр энергетикасы" білім беру бағдарламалары бойынша төрт оқу аудиториясы кіреді, сондай-ақ ЖЭО-да оқу полигоны, сызбалары, көрнекі құралдары, техникалық және кәсіби әдебиеттері бар кітапхана бар. Филиал студенттердің кәсіби дағдыларын ойдағыдай меңгеруі үшін дуальды оқытудың негізгі элементі болып табылады.
ШҚТУ мен Өскемен ЖЭО арасындағы ынтымақтастық он жылдан бері өз жалғасын тауып келеді. ШҚО жетекші кәсіпорындарымен сегіз кәсіп бойынша біліктілікті тәуелсіз бағалау рәсімі үшін ЖЭО бүгінгі күнге дейін өндірістік алаң ұсынып отыр.
- Біздің ынтымақтастығымыз жас энергетик мамандарды даярлау барысында тиімділік береді. Болашақ мамандар жылу энергетикалық жабдықтардың үздіксіз жұмысын, жылу желілерін, ауа құбырлары мен газ құбырларын дұрыс пайдалануды, жөндеуді және жаңғыртуды үйренетініне сенімдіміз. Энергетика - халықтың өмірі мен тұрмысын жеңілдететін өнеркәсіптің маңызды бөлігі, - деп атап өтті ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина.
Филиалдың ашылуы - студенттерге жылу және электр жабдықтарымен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бітіргеннен кейін жас маман тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар ЖЭО-да жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгеріп шығады. Бұл теориядан практикаға көшу процесін жеңілдетеді және бітіруші студенттерге жұмысқа орналасқаннан кейін бірден жұмыс орнындағы кез келген тапсырмаларды орындауға дайын болуға және жалпы еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.
ШҚТУ 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның энергетика саласы үшін білікті мамандар даярлап, Шығыс Қазақстанның энергетикалық және өнеркәсіптік кәсіпорындарымен белсенді ынтымақтастық орнатып келеді. Қазір елде жоғары білікті және сауатты жас мамандар қажеттілігі артқан соң, мұндай филиалдың ашылуы өте өзекті болып отыр.