Шығыс Қазақстан техникалық университетінде (ШҚТУ) Басқарма Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынның төрағасы, университет ректоры, профессор С. Рахметуллина сөз бастады және отырыс жақсы жаңалықтармен ашылды. докторанттарға философия докторы (PhD) дәрежесін беру мәселесі қаралды. Осыған байланысты 8D06101- «Информационные системы» мамандығы бойынша Бектенова Асель Мергалыевнаға, 8D07101- «Автоматизация и управление» мамандығы бойынша Қалиев Данияр Исатайұлы мен Смақанов Бауыржан Серікқанұлына дипломдар табыс етілді. Олар өз кезегінде осы оқу ордасының оқытушылары мен жетекшілеріне алғыстарын жаудырып, тіпті бірі осы оқу ордасында білім алып жүргеніне 10 жылдан астам уақыт болғанын тілге тиек етті. Бұл дегеніміз студенттердің білім алуына қолайлы жағдайлар жасалып жатқандығының айшық бейнесі.
Отырысқа проректорлар, декандар, құрылымдық бөлімшелер мен орталықтардың жетекшілері қатысты.
Отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер баяндасақ олар мынадай болды.
Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор, басқарма мүшесі Сарсембаева Арайлы Алибековна ағылшын тілін оқыту бойынша Шахмардан Есенов қоры аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері туралы есеп берді. Бұл бағдарлама студенттер мен оқытушылардың тілдік дағдыларын арттыруға бағытталған.
Арайлы Алибековна шетелдік студенттерді тарту бойынша университеттің жаңа стратегиясын ұсынды. Стратегияның мақсаты - шетелден білім алушыларды тарту және халықаралық әріптестік аясын кеңейту. Бұл қадам университеттің әлемдік білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
Германия мен Англияға сапар жайында мағлұматтар да берілді.
Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор, басқарма мүшесі Конурбаева Жадыра Тұсыпханқызы мен халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Айдос Ержанұлы Каматаев Германия мен Англияға жасаған сапарлары туралы есеп берді. Сапар барысында халықаралық білім беру, ғылыми және зерттеу саласындағы әріптестікті дамыту жөнінде нақты келісімдер жасалғаны атап өтілді.
Студенттерді қабылдау бойынша апта сайынғы есеп
Жиында қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Әсел Советбекқызы Дауылбаева мен Медиаорталық жобалар менеджері Айнагүл Сергазыновна студенттерді қабылдау жұмыстарының барысы туралы апта сайынғы есеп ұсынды. Олар қабылдау үрдісін жетілдіру және ақпараттық саясатты жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Отырыс барысында барлық ұсыныстар мен мәселелер кеңінен талқыланып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар мен стратегиялық бағыттар айқындалды. ШҚТУ ұжымы жоғары білім мен ғылым саласындағы жетістіктерін одан әрі арттыру үшін бірлесе жұмыс атқара береді.