Бүгін, 19 наурызда, Қазақстанда Жаңару күні аталып өтеді. Бұл мереке Наурызнама онкүндігінің бір бөлігі болып табылады және қоғам өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.
Жаңару күні ішкі және сыртқы жаңарудың мәнін айқындайды. Бұл күні құндылықтарды қайта қарастыруға, рухани дамуға және оң өзгерістерге ұмтылуға ерекше назар аударылады. Ол адамдарды өткенді саралап, өкпе-реніштен арылып, болашаққа сеніммен қарауға үндейді. Сондай-ақ, бұл — жаңа мақсаттар қойып, маңызды бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы кезең.
Көктем мезгілінің келуімен табиғат та жаңарып, жаңа тыныс алады. Сондықтан бұл күннің басты нышандарының бірі — ағаш отырғызу, аумақтарды абаттандыру және экологиялық акциялар өткізу. Мұндай игі істер адамның табиғатпен байланысын нығайтып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырады.
Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Жаңару күніне арналған іс-шаралар университеттің фойесінде өтті. Іс-шараны Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебі (ШЦТжЖИМ) ұйымдастырып, студенттер арасында жаңару, даму және инновация идеяларын насихаттауға бағытталған мазмұнды бағдарлама ұсынды.
Сонымен қатар, Наурызнама аясында университеттің Бизнес мектебі Қайырымдылық күнін өткізді. Іс-шара барысында жиналған барлық қаражат «Ана үйіне» бағытталатын болады. Бұл бастама университеттің әлеуметтік жауапкершілігін және қоғам игілігіне үлес қосуға деген ұмтылысын көрсетеді.
Жаңару күні — табиғаттың ғана емес, адамның да жаңаруына мүмкіндік беретін, қоғамды бірлікке, ізгілікке және жарқын болашаққа жетелейтін маңызды мереке.