Дөңгелек үстел материалдары
2026
«Медициналық инжинирингтегі инновациялар. Отандық медициналық құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлгілерін дайындау технологиясын әзірлеу» тақырыбындағы дөңгелек үстел 2026 жылғы 23 қазанда Өскемен қаласындағы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Колонналы залында өткізілді. Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы шеңберінде іске асырылған BR24992786 «Отандық медициналық құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлгілерін дайындау технологиясын әзірлеу» жобасының қорытындыларына арналды. Іс-шараға барлығы 35 адам қатысты: 31 қатысушы офлайн форматта, ал 4 қатысушы онлайн қосылды. Ғалымдар, инженерлер және тәжірибелі дәрігерлер жүргізілген зерттеулер мен тәжірибелік үлгілерді дайындау нәтижелерін, сондай-ақ әзірлемелерді денсаулық сақтау саласында қолдану перспективаларын талқылады.
Іс-шара гибридті форматта өтіп, Қазақстан мен шет елдердің ғылыми, инженерлік және медициналық қоғамдастығы өкілдерін біріктірді. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты отандық медициналық бұйымдар мен құралдардың тәжірибелік үлгілерін әзірлеу және дайындау нәтижелерін таныстыру, оларды практикада қолдану мүмкіндіктерін талқылау, сондай-ақ ғалымдар, инженерлер, медициналық ұйымдар және әзірленген өнімнің әлеуетті тұтынушылары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту болды.
Дөңгелек үстел жұмысына Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, Семей медицина университеті, Қарағанды медицина университеті, академик Н. Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы, Загреб университеті және Техас A&M университетінің қызметкерлері, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы медициналық ұйымдардың тәжірибелі дәрігерлері мен мамандары қатысты. Қатысушылар қатарында травматолог-ортопедтер, хирургтер, медициналық инжиниринг, материалтану, цифрлық жобалау, механикалық өңдеу және функционалдық жабындарды жағу салаларының мамандары болды.
Бағдарламаның елеулі бөлігі травматология, ортопедия және хирургия салаларындағы нақты міндеттерді шешуге бағытталған әзірлемелерге арналды.
Семей медицина университетінің травматология және балалар хирургиясы кафедрасының ассистенті Арман Слямжанович Мусабеков иық сүйегінің проксималды бөлігінің сынықтарын остеосинтездеуге арналған жаңа пластина жасау жөніндегі жұмыс нәтижелерін таныстырды. Баяндамада бұйымның конструкциялық ерекшеліктері, оның биомеханикалық негіздемесі және клиникалық сынақтарды өткізу мәселелері қарастырылды. Конструкцияның зақымданған аймақтың анатомиялық ерекшеліктеріне сәйкестігіне және сүйек фрагменттерін бекітудің қажетті тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Қарағанды медицина университетінің докторанты Ердар Нигметович Шаухин және медицина ғылымдарының кандидаты, академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының травматология бөлімшесінің меңгерушісі Нагмет Капанович Мурсалов бұғана сынықтарын бекітуге арналған инновациялық имплантты таныстырды. Баяндамада медициналық талаптарды қалыптастыру мен конструкцияны жобалаудан бастап, оны клиникалық практикада қолдану перспективаларын бағалауға дейінгі бұйымды жасаудың негізгі кезеңдері қамтылды.
Семей медицина университетінің госпитальдық хирургия кафедрасының профессоры Мейрбек Жаксыбекович Аймагамбетов және кафедраның оқу ісінің меңгерушісі Алдияр Ерланович Масалов қатысушыларды университеттің хирургия саласындағы әзірлемелерімен таныстырды. Ұсынылған материалдар хирургиялық бөлімшелердің нақты қажеттіліктеріне жауап беретін жаңа құралдар мен құрылғыларды жасау кезінде пәнаралық өзара іс-қимылдың қажеттілігін көрсетті.
Семей медицина университетінің докторанты, хирург-дәрігер Ерасыл Әскербекұлы Мырзаханов шағын проктологияда лазерлік технологияларды қолдану туралы баяндама жасады. Аз инвазиялық араласулар кезінде лазерлік жабдықты пайдалану мүмкіндіктері, сондай-ақ операциялардың дәлдігін арттыруға және пациенттердің қалпына келу кезеңін қысқартуға мүмкіндік беретін заманауи технологиялық тәсілдердің артықшылықтары қарастырылды.
Бағдарламаның халықаралық бөлімін Загреб университетінің профессоры Станислав Болдырев ашты. Оның баяндамасы медициналық құралдардың еуропалық экожүйесіне және нормативтік реттеу, инновациялық қызмет пен медициналық бұйымдардың нарыққа қолжетімділігі арасындағы өзара байланысқа арналды. Баяндамада сәйкестікті бағалау рәсімдерінен өту, бұйымдардың қауіпсіздігі мен тиімділігін растау, сондай-ақ жобалаудың бастапқы кезеңдерінен бастап реттеуші талаптарды ескеру қажеттілігі қозғалды. Ұсынылған еуропалық тәжірибенің қазақстандық әзірлеушілер үшін практикалық маңызы бар, өйткені бәсекеге қабілетті медициналық бұйым жасау дайындау технологиясын әзірлеумен қатар, дәлелдемелік, техникалық және нормативтік құжаттаманы дайындауды да көздейді.
Техас A&M университетінің PhD докторанты Наиль Аликұлы Бейсекенов Ti-6Al-4V титан қорытпасынан жасалған торлы құрылымдарды цифрлық жобалау жөніндегі зерттеуін таныстырды. Мұндай құрылымдарды әзірлеу барысында генеративті нейрондық желілер, автоматтандырылған жобалау жүйелері және ақырлы элементтер әдісімен талдау қолданылды. Цифрлық әдістер торлы конструкциялардың геометриясы мен механикалық сипаттамаларын басқаруға, бұйымдардың массасын азайтуға және олардың қасиеттерін болжамды пайдалану жағдайларына бейімдеуге мүмкіндік береді. Қарастырылған тәсіл дербестендірілген импланттарды және күрделі кеңістіктік құрылымы бар өзге де медициналық бұйымдарды одан әрі дамыту үшін қызығушылық тудырады.
Баяндамалардың жеке блогы өндірістің технологиялық аспектілеріне арналды.
Smart Engineering құзыреттер орталығының инженер-зерттеушісі Маратұлы Бауыржан медициналық тоқымаға бактерияға қарсы жабындарды бекіту технологиялары мен олардың сапасын бақылау әдістерін таныстырды. Мұндай жабындарды қолдану материалдардың микробтық ластану қаупін төмендетуге және медициналық тоқыма бұйымдарының функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Smart Engineering құзыреттер орталығының инженер-зерттеушісі Мұхаметбек Жақсылық Мұхаметбекұлы медициналық бұйымдарды сандық бағдарламалық басқарылатын станоктарда өңдеу технологиялары туралы баяндады. Күрделі геометриялы бөлшектерді дайындау, өлшемдердің жоғары дәлдігін, технологиялық операциялардың қайталанғыштығын және бет сапасының талап етілетін деңгейін қамтамасыз ету кезіндегі заманауи жабдықтың мүмкіндіктері көрсетілді.
Жобаның ғылыми жетекшісі, PhD, қауымдастырылған профессор Багдат Нурланович Азаматов жобаның 2024-2026 жылдардағы іске асырылу қорытындыларын шығарды. Баяндамада зерттеу тобы үш жыл ішінде алған негізгі ғылыми, технологиялық және практикалық нәтижелер жүйеленді.
Отандық медициналық бұйымдарды әзірлеу кезеңдеріне: клиникалық практиканың қажеттіліктерін талдауға, техникалық талаптарды қалыптастыруға, материалдарды таңдауға, цифрлық жобалауға, бөлшектер мен тәжірибелік үлгілерді дайындауға, механикалық және әрлеу өңдеуіне, функционалдық жабындарды жағуға және дайын өнімнің сапасын бағалауға ерекше назар аударылды.
Жоба нәтижелері ШҚТУ-дың ғылыми және өндірістік-технологиялық инфрақұрылымының медициналық бұйым тұжырымдамасын әзірлеуден бастап оның тәжірибелік үлгісін дайындауға дейінгі толық жұмыс кешенін орындауға қабілетті екенін көрсетті. Міндеттерді айқындауға, конструкцияларды талқылауға және әзірлемелерді қолдану перспективаларын бағалауға қатысқан университет зерттеушілері мен тәжірибелі дәрігерлер арасында тұрақты өзара іс-қимылдың қалыптасуы маңызды нәтиже болды.
Іс-шараның практикалық бөлігінде жүргізіліп жатқан жұмыс туралы бейнеролик көрсетілді (https://storage.ektu.kz/nextcloud/index.php/s/8ete5TbAzDXzFm5 сілтемесі бойынша танысуға болады), сондай-ақ ШҚТУ-дың Smart Engineering құзыреттер орталығы базасында дайындалған медициналық мақсаттағы бұйымдардың тәжірибелік үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар әзірлемелермен тікелей танысып, зерттеушілер мен инженерлерге сұрақтар қойып, бұйымдардың конструкциялық ерекшеліктері мен оларды жетілдірудің ықтимал бағыттарын талқылады. Презентация жасаған барлық ғалымдарға алғыс хаттар табыс етілді.
Қорытынды пікірталас барысында қатысушылар отандық медициналық инжинирингті дамытудың өзектілігін және техникалық университеттер, медициналық жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтар, емдеу мекемелері мен өндірістік ұйымдар арасындағы бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
2025
«Медициналық инжинирингтегі инновациялар. Отандық медициналық құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлгілерін дайындау технологиясын әзірлеу» тақырыбындағы дөңгелек үстел 2025 жылғы 31 қазанда Өскемен қаласында, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың колонналы залында өтті. Іс-шара ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын ПЦФ BR24992786 «Отандық медициналық құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлгілерін дайындау технологиясын әзірлеу» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Шараға барлығы 40 адам қатысты, оның ішінде 34 қатысушы оффлайн, ал 6 қатысушы онлайн форматта қосылды. Медициналық инжиниринг саласын ілгерілету үшін ғылымның, техниканың, тәжірибенің, идеялар мен бизнестің озық жетістіктерін біріктіру мақсатында пікірлес мамандар бас қосты.
Іс-шара барысында Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты, Астана қаласындағы академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы, National Laboratory Astana жеке мекемесі, Satbayev University Металлургия және байыту институты, Оңтүстік Кореядағы Kyungsung University (Пусан қ.) және басқа да ғылыми және медициналық ұйымдардың өкілдері баяндама жасады.
Онлайн форматта сөйлеген Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-ның онкохирургі Пысанова Жанат Өмірзаққызы 3D-басып шығару технологиясы қолданылған жеке конструкцияларды онкоортопедиялық науқастарға мүшені сақтап қалу операцияларын (соның ішінде буынды сақтайтын операцияларды) орындауда пайдалану нәтижелерін ұсынды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын Астана қаласындағы академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының жоғары санатты нейрохирургі, медицина ғылымдарының кандидаты Мурат Өмірханович Байдарбековтың (оффлайн) омыртқа ауруларын хирургиялық емдеуде трабекулярлы кейджді әзірлеу және қолдану жөніндегі баяндамасы тудырды.
Талқылау барысында халықаралық және межвузовтық ғылыми ынтымақтастық мәселелеріне айрықша назар аударылды. Жоба аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ғалымдары мен Назарбаев Университетінің «National Laboratory Astana» жеке мекемесінің зерттеушілері бірлесіп жұмыс жүргізуде. Бірлескен зерттеулер нәтижелері мен технологиялардың одан әрі даму келешегі туралы жетекші ғылыми қызметкер Юлия Ивановна Сафарова (оффлайн) баяндап берді.
Satbayev University Металлургия және байыту институтының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Ақсәуле Әліпқызы Мамаева (оффлайн) кальций-фосфатты жабындарды әртүрлі әдістермен алуға қатысты зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Пусан қаласындағы Kyungsung University ғалымы PhD Suresh Alapati (онлайн) тіндік инженерияға арналған кеуекті құрылымдардағы сұйықтық ағынын CFD моделдеу бойынша баяндамасын жасады.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Smart Engineering» құзыреттер орталығының жетекшісі, PhD Данияр Қалиев (оффлайн) медициналық құралдарды жобалау және дайындаудың заманауи технологиялары туралы айтты. Оның баяндамасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде бейнеролик көрсетілді (сілтеме: https://storage.ektu.kz/nextcloud/index.php/s/MEjZZAd7icSR8re), сондай-ақ қолданыстағы және әзірленіп жатқан медициналық бұйымдар үлгілері, ғылыми жабдықтар және басқа материалдардан тұратын көрме ұйымдастырылды.
Талқылау барысында қатысушылар отандық инновацияларды қолдау және жаңа технологияларды практикалық денсаулық сақтауға енгізуге бағытталған бірлескен ғылыми жобаларды дамыту жөніндегі ұсыныстарды қарастырды.
Баяндамамен сөз сөйлеген барлық ғалымдарға алғыс хаттар, сондай-ақ қонақтарға қатысушы сертификаттары табысталды.
2024
2024 жылғы 29 қараша Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Медициналық инжинирингтегі инновациялар. Отандық медициналық құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлгілерін дайындау технологиясын әзірлеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл шара BR24992786 «Отандық медициналық құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлгілерін дайындау технологиясын әзірлеу» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға академик Батпенов Н.Д. атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының, «Семей медициналық университеті» КЕАҚ-ның, Санкт-Петербург мемлекеттік техникалық университетінің, «Smart Engineering» құзыреттілік орталығының өкілдері, сондай-ақ Өскемен қаласының ауруханаларынан травматолог-ортопедтер, жақ-бет хирургтері, нейрохирургтер және стоматолог-дәрігерлер қатысты. Жалпы қатысушылар саны 40-тан асты.
Дөңгелек үстелдің басты мақсаты - имплантология саласындағы өзекті мәселелерді, соның ішінде медициналық мақсаттағы отандық бұйымдар мен медициналық құралдардың тәжірибелік үлгілерін әзірлеу және дайындау мәселелерін талқылау болды.
Шараның ашылуында Басқарма мүшесі, ғылым және инновация жөніндегі проректор Жадыра Конурбаева бұл шараның өзектілігін және уақтылы ұйымдастырылғанын атап өтіп, университет инженерлері мен медицина саласының мамандары арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсетініне сенім білдірді.
Академик Батпенов Н.Д. атындағы Ұлттық ғылыми орталықтың жоғары біліктілік санатындағы травматолог-ортопед дәрігері, бөлім меңгерушісінің баяндамасы отандық сүйек тіндеріне арналған импланттарды өндірудің қажеттілігіне арналды. Оның айтуынша, медициналық орталық пен техникалық университет арасындағы тығыз ынтымақтастықсыз бұл бағытты дамыту мүмкін емес.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Smart Engineering» құзыреттілік орталығының жетекшісі Бағдат Азаматов орталықтың сүйек тіндеріне арналған импланттарды дайындау және оларды академик Батпенов Н.Д. атындағы орталықта клиникалық сынақтан өткізу саласында қол жеткізген нәтижелері туралы баяндады.
Сондай-ақ, орталықтың инженер-зерттеушісі Дмитрий Догадкиннің сүйек тіндеріне арналған импланттарды (аралық омыртқа кейдждері) дайындауда 3D модельдеуді қолдану мәселелеріне арналған баяндамасы қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Дөңгелек үстелге онлайн қатысқан Санкт-Петербург мемлекеттік техникалық университетінің профессоры, химия ғылымдарының докторы Николай Чарыков медицинада көміртекті наноматериалдарды, атап айтқанда жеңіл фуллерендердің суда еритін туындыларын (С60 және С70) қолдану туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, фуллеренолдарды титан импланттарына жабын ретінде пайдалану қазіргі биомедицинадағы өте перспективалы бағыт болып табылады. Зерттеулер фуллеренолдардың физика-химиялық және биологиялық механизмдерін терең түсінудің бұл салада жаңашылдыққа толы екенін көрсетіп отыр.
Дөңгелек үстел аясында университет пен медициналық мекемелер арасында сүйек тіндеріне арналған әртүрлі импланттарды дайындау, сондай-ақ осы бағытта бірлескен гранттық зерттеулер жүргізу мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар талқыланды.
