«Медициналық инжинирингтегі инновациялар. Отандық медициналық құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлгілерін дайындау технологиясын әзірлеу» тақырыбындағы дөңгелек үстел 2025 жылғы 31 қазанда Өскемен қаласында, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың колонналы залында өтті. Іс-шара ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын ПЦФ BR24992786 «Отандық медициналық құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлгілерін дайындау технологиясын әзірлеу» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Шараға барлығы 40 адам қатысты, оның ішінде 34 қатысушы оффлайн, ал 6 қатысушы онлайн форматта қосылды. Медициналық инжиниринг саласын ілгерілету үшін ғылымның, техниканың, тәжірибенің, идеялар мен бизнестің озық жетістіктерін біріктіру мақсатында пікірлес мамандар бас қосты.

Іс-шара барысында Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты, Астана қаласындағы академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы, National Laboratory Astana жеке мекемесі, Satbayev University Металлургия және байыту институты, Оңтүстік Кореядағы Kyungsung University (Пусан қ.) және басқа да ғылыми және медициналық ұйымдардың өкілдері баяндама жасады.

Онлайн форматта сөйлеген Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-ның онкохирургі Пысанова Жанат Өмірзаққызы 3D-басып шығару технологиясы қолданылған жеке конструкцияларды онкоортопедиялық науқастарға мүшені сақтап қалу операцияларын (соның ішінде буынды сақтайтын операцияларды) орындауда пайдалану нәтижелерін ұсынды.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын Астана қаласындағы академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының жоғары санатты нейрохирургі, медицина ғылымдарының кандидаты Мурат Өмірханович Байдарбековтың (оффлайн) омыртқа ауруларын хирургиялық емдеуде трабекулярлы кейджді әзірлеу және қолдану жөніндегі баяндамасы тудырды.

Талқылау барысында халықаралық және межвузовтық ғылыми ынтымақтастық мәселелеріне айрықша назар аударылды. Жоба аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ғалымдары мен Назарбаев Университетінің «National Laboratory Astana» жеке мекемесінің зерттеушілері бірлесіп жұмыс жүргізуде. Бірлескен зерттеулер нәтижелері мен технологиялардың одан әрі даму келешегі туралы жетекші ғылыми қызметкер Юлия Ивановна Сафарова (оффлайн) баяндап берді.

Satbayev University Металлургия және байыту институтының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Ақсәуле Әліпқызы Мамаева (оффлайн) кальций-фосфатты жабындарды әртүрлі әдістермен алуға қатысты зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Пусан қаласындағы Kyungsung University ғалымы PhD Suresh Alapati (онлайн) тіндік инженерияға арналған кеуекті құрылымдардағы сұйықтық ағынын CFD моделдеу бойынша баяндамасын жасады.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Smart Engineering» құзыреттер орталығының жетекшісі, PhD Данияр Қалиев (оффлайн) медициналық құралдарды жобалау және дайындаудың заманауи технологиялары туралы айтты. Оның баяндамасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде бейнеролик көрсетілді (сілтеме: https://storage.ektu.kz/nextcloud/index.php/s/MEjZZAd7icSR8re), сондай-ақ қолданыстағы және әзірленіп жатқан медициналық бұйымдар үлгілері, ғылыми жабдықтар және басқа материалдардан тұратын көрме ұйымдастырылды.

Талқылау барысында қатысушылар отандық инновацияларды қолдау және жаңа технологияларды практикалық денсаулық сақтауға енгізуге бағытталған бірлескен ғылыми жобаларды дамыту жөніндегі ұсыныстарды қарастырды.

Баяндамамен сөз сөйлеген барлық ғалымдарға алғыс хаттар, сондай-ақ қонақтарға қатысушы сертификаттары табысталды.

Соңғы өзгерістер күні:
02.11.2026