1. Әскери кафедрада оқу үшін конкурсқа қатысуға ниет білдірген студент оқуға түсу (қабылдау) жылының 1 ақпанынан бастап 1-қосымшаға сәйкес үлгі бойынша ұялы байланыс операторы ұсынған кандидаттың абоненттік нөмірі тіркелгенде және порталдың есептік жазбасына қосылғанда электрондық цифрлық қолтаңба қойылған не бір реттік парольмен куәландырылған www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы өтініш береді.

Университет (әскери кафедра) арқылы жүгінген жағдайда студент қосымша 2-қосымшада көрсетілген құжаттарды ұсынады. Студент толық емес пакетті немесе қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда университет (әскери кафедра) құжаттарды қабылдаудан бас тартады.

Өтінішті қабылдау оқуға түсу (қабылдау) жылының 30 қыркүйегіне дейін жүзеге асырылады.

Университет (әскери кафедра) өтініш түскен сәттен бастап 5 жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді және мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

  1. кандидаттар тізіміне қабылдау үшін құжаттарды қабылдау туралы;
  2. мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабына сәйкес мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер анықталған кезде университет (әскери кафедра) студентті алдын ала шешім, мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартылғаны туралы хабардар етеді.

2. Әскери кафедрада оқыту үшін студенттерді іріктеу жыл сайын іріктеу комиссиясымен конкурс негізінде қабылдау жоспарына сәйкес жүргізіледі. Іріктеу комиссиясының құрамы және жұмыс істеу мерзімдері Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штабы бастығының бұйрығымен айқындалады.

3. Әскери кафедрада оқыту үшін студенттерді іріктеу төрт кезеңде жүзеге асырылады:

  • бірінші кезең – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 716 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына және әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережеге сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21869 болып тіркелген) медициналық куәландырудан өту;
  • екінші кезең – кәсіби-психологиялық тестілеу жүргізу;
  • үшінші кезең – дене шынықтыру дайындығын тексеру;
  • төртінші кезең – университет басшысы жасайтын және бекітетін рейтингілік балл есебіне сәйкес жүзеге асырылатын конкурстық іріктеу, бұл ретте техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымын бітірген студенттер үшін үлгерімнің орташа балы дипломға қосымша негізінде айқындалады.

Конкурстың әрбір кезеңінен бір рет өтуге жол беріледі.

Мерзімді қызмет өткерген студенттер конкурстық іріктеудің бірінші кезеңінен өтеді және әскери билет негізінде қабылданады.

4. Запастағы офицерлерді әскери даярлау бағдарламалары бойынша оқыту үшін өтініштерді студенттер бакалавриаттың білім беру бағдарламасының мерзіміне байланысты әртүрлі оқу курстарында мынадай тәртіппен береді:

бірінші курста - бакалавриаттың білім беру бағдарламасы бойынша 3 жылдық оқу мерзімімен білім алушылар, оның ішінде қысқартылған оқу мерзімін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар;

бірінші және екінші курстарда - бакалавриаттың білім беру бағдарламасы бойынша 4 жылдық және 5 жылдық оқу мерзімімен білім алушылар;

Запастағы сержанттарды әскери даярлау бағдарламалары бойынша оқыту үшін өтініштерді бакалавриаттың білім беру бағдарламасының мерзіміне байланысты әртүрлі оқу курстарында студенттер мынадай тәртіппен береді:

бірінші курста - бакалавриаттың білім беру бағдарламасы бойынша 2 жылдық оқу мерзімімен білім алушылар (оқытудың қысқартылған мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары);

бірінші және екінші курстарда - бакалавриаттың білім беру бағдарламасы бойынша 3 жылдық оқу мерзімімен білім алушылар;

бірінші, екінші және үшінші курстарда - бакалавриаттың білім беру бағдарламасы бойынша 4 жылдық оқу мерзімімен білім алушылар;

бірінші, екінші, үшінші және төртінші курстарда - бакалавриаттың білім беру бағдарламасы бойынша 5 жылдық оқу мерзімімен білім алушылар.

Мерзiмдi қызметтi өткерген студенттер әскери даярлыққа медициналық куәландырудан өткеннен кейiн конкурстан тыс өтеусiз (мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы бойынша) негiзде жiберiледi.

5. Медициналық куәландырудан өту үшін студенттерге әскери кафедрада рәсімделген медициналық куәландыру карталары (бұдан әрі - 7-нысан) беріледі. Студенттерді медициналық куәландыру жергілікті әскери басқару органдарында қабылдау жылының 1 сәуірінен бастап жүргізіледі. Конкурстық іріктеуге қатысу үшін 7-нысан бойынша медициналық куәландыру нәтижелері іріктеу комиссиясының жұмысы басталғанға дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей әскери кафедраға ұсынылады. Медициналық куәландырудан өтпеген студенттер конкурсқа жіберілмейді.

6. Студенттердің дене шынықтыру дайындығы 3-қосымшаға сәйкес дене шынықтыру бойынша нормативтерді тапсыру нәтижелерімен бағаланады. Үш нормативті тапсыру сомасы бойынша 9 балл ала алмаған студенттер конкурс кезеңінен өтпеген болып есептеледі.

7. Студенттерді кәсіби-психологиялық тестілеу университеттің компьютерлік сыныптарында өткізіледі және уәжділік, күйзеліске төзімділік, сыни және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды.

8. Кәсіби-психологиялық іріктеуден өту және дене шынықтыру дайындығының нәтижелері комиссия мүшелері қол қоятын тізімдемеде ескеріледі.

9. Іріктеу комиссиясының отырыстары іріктеу комиссиясының төрағасы бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі және «әскери даярлыққа жіберілсін», «өтеулі негізде оқуға ұсынылсын», «бас тартылсын» деген шешімдердің біреуін қабылдай отырып хаттама рәсімдеумен сүйемелденеді.

10. Шешім жай көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда іріктеу комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

11. Әскери кафедрада өтеусіз негізде оқуға бірінші нөмірден қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмірге дейінгі рейтингте тұрған студенттер жіберіледі.

12. Конкурс кезеңдерінің нәтижесімен келіспеген студент сол күні іріктеу комиссиясының төрағасына жазбаша өтініш (еркін нысанда) береді.

13. Іріктеу комиссиясының хаттамамен рәсімделген өтініштің мәні бойынша шешімі өтініш келіп түскен күннен бастап 1 күнтізбелік күн ішінде «қанағаттандыру» немесе «бас тарту» деген тұжырыммен қабылданады.

14. Конкурстың нәтижелері іріктеу комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейінгі күні сағат 17.00-ге дейін әскери кафедраның ақпараттық стендінде орналастырылады.

15. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес университет (әскери кафедра) мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне деректерді енгізуді қамтамасыз етеді.

1-қосымшa - Өтініш

2-қосымша - Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі

3-қосымша - Студент үшін дене шынықтыру бойынша нормативтер

Соңғы өзгерістер күні:
23.12.2025