Халықаралық «KazUzGeoNomads» білім беру жобасы Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші техникалық жоғары оқу орындарын біріктіріп, геология, тау-кен ісі, мұнай-газ саласы және Жер туралы ғылымдар бағытында жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік беруде.

Жоба ортақ геологиялық мұра мен инженерлік кадрлар даярлау саласындағы ортақ мақсаттарды негізге ала отырып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды алаңына айналды. Оның басты мақсаты – академиялық ұтқырлықты дамыту, ғылыми және практикалық тәжірибе алмасу, сондай-ақ Орталық Азия университеттері арасындағы серіктестікті нығайту.

Білім беру маршруты мамыр айында Науаи қаласында басталып, кейін Ташкентте жалғасты. Мұнда бірлескен жазғы мектептің ашылу салтанаты мен серіктес жоғары оқу орындары ректорларының форумы өтті. Бағдарлама аясында қатысушылар геология, тау-кен ісі, цифрлық технологиялар, тұрақты даму және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану салаларындағы заманауи үрдістермен танысуда.

Жобаға University of Geological Sciences, Navoi State University of Mining and Technologies, D. Serikbayev East Kazakhstan Technical University және Utebayev University қатысуда. Бағдарлама студенттерді, жас зерттеушілер мен оқытушыларды біріктіріп, білім алмасуға, өндірістік нысандармен танысуға және әртүрлі геологиялық өңірлердің ерекшеліктерін зерделеуге мүмкіндік береді.

ЖобадаД. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне ерекше орын берілген. Университет халықаралық білім беру маршрутының қорытынды кезеңін қабылдайтын негізгі алаңдардың бірі болмақ. 22–28 маусым аралығында қатысушылар Өскемен қаласына келіп, университеттің ғылыми-білім беру инфрақұрылымымен, Жер туралы ғылымдар мектебінің қызметімен, заманауи зертханаларымен және геология, критикалық және сирек металдар саласындағы зерттеулерімен танысады.

ШҚТУ халықаралық бастаманың белсенді қатысушысы ретінде инженерлік білім беру мен ғылыми зерттеулердің жоғары деңгейін, сондай-ақ өндіріс пен ғылымның тиімді ықпалдастығын көрсетіп келеді. Ал Шығыс Қазақстанның қуатты тау-кен металлургия кешені жоба қатысушыларына минералдық ресурстарды игеру мен өңдеудің заманауи технологияларын тәжірибе жүзінде көруге мүмкіндік береді.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры С.Рахметуллина жобаның маңыздылығына тоқталып: «Біздің университет үшін “KazUzGeoNomads” халықаралық жобасының жетекші қатысушыларының бірі болу және оның қорытынды кезеңін Шығыс Қазақстанда өткізу үлкен мәртебе. Бұл жоба білім беру, ғылым, тәжірибе және халықаралық серіктестікті тоғыстырып, Қазақстан мен Өзбекстанның студенттері мен жас зерттеушілері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деп атап өтті.

Жобаға қатысып жатқан ШҚТУ командасына университеттің негізгі индустриялық серіктесі - «Қазцинк»  қолдау көрсетуде. Бұл жоғары білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, еңбек нарығында сұранысқа ие инженерлік кадрларды даярлаудың маңыздылығын айқындай түседі.

«KazUzGeoNomads» жобасы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, Орталық Азиядағы біртұтас білім беру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады.