Д.Серікбаев атындағы Шығыс-Қазақстан техникалық университетінде «Казцинк» ЖШС ұйымдастырған студенттік жобалар (кейстер) байқауының финалы өтті. Іс-шараға университеттің, колледждердің және мектептердің дарынды студенттері мен оқушылары қатысып, металдардан дайын өнімнің жаңа түрлерін жасау саласындағы инновациялық идеяларын ұсынды.
Байқау 2025 жылдың 31 қазанда басталып, бүгін бес айлық ауқымды еңбектің қорытындысы шығарылды. Жобаларды дайындау барысында «Казцинк» ЖШС мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс-Қазақстан техникалық университетінің өкілдері қатысушыларға «Бизнес-жобаны әзірлеу және экономикалық модельді есептеу» тақырыбында бірқатар шеберлік сабақтарын, тренингтер мен консультациялар өткізді. Сондай-ақ кәсіпорынға экскурсиялар ұйымдастырылып, металл өндіру технологиясы бойынша кеңес беру үшін шеберлер және мамандармен кездесулер өтті. Бірнеше айлық тынымсыз еңбек, ондаған идея және күрделі қорғау артта қалды.
Салтанатты рәсімді екі басшы қатар ашты – Д.Серікбаев атындағы Шығыс-Қазақстан техникалық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Рахметуллина Сәуле Жәдігерқызы және «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Лазарев Андрей Павлович.
Рахметуллина Сауле Жәдігерқызы университет пен бизнестің кадр даярлау ісіндегі және жастардың инновациялық ойлауын дамытудағы ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті: «Бұл конкурс – ғылым мен өндіріс, студенттік бастама мен экономиканың нақты секторының сұранысы тоғысатын бірегей алаң. Жас таланттарға сенім білдіріп, ғылыми идеяларды қолдағаны үшін «Казцинк» ЖШС-дегі серіктестерімізге алғысымды білдіремін».
Лазарев Андрей Павлович өз сөзінде компанияның жаңа идеяларды тартуға мүдделі екенін және жас мамандардың болашағы зор әзірлемелерін қолдауға дайын екенін атап өтті.
Финал барысында сарапшылар жұмыстарды тоғыз критерий бойынша бағалады: өзектілігі, экономикалық тиімділігі, практикалық қолданысқа жарамдылығы, экологиялық қауіпсіздігі, прототиптер мен бизнес-жоспарлардың болуы.
Салтанатты марапаттау рәсімі барлық финалистерге алғыс хаттарды табыстаудан басталды.
Одан кейін III, II және I дәрежелі диплом иегерлері жарияланды:
- III орын – «INZINUS» командасы (команда жетекшісі – Семилуцкий Владимир Дмитриевич);
- II орын – «МЕТЕОРИТ» командасы (команда жетекшісі – Сиволап Доминик Сергеевич);
- I орын – «МЕТАЛЛИСТЫ» командасы (команда жетекшісі – Борозенец Давид Рафаэлевич).
Рәсімнің ерекше сәті университет тарапынан білім беру гранттарын табыстау болды. Рахметуллина Сауле Жәдігерқызы оқу сертификаттарын:
- Маштаев Дияр Дулатұлына «Лев Гумилев атындағы №38 гимназия» КММ оқушысы;
- Тоқтаубекова Фатима Қуатқызы- Жоғары IT колледжінің студентіне жеке өзі табыстады.
Рәсімді аяқтай отырып, жүргізушілер: «Шындығында, бүгін ешкім жеңіліс тапқан жоқ. Әрқайсыңыз күрделі жолдан өттіңіздер, баға жетпес тәжірибе алдыңыздар және құрметке лайық идеяларды ұсындыңыздар» деп атап өтті.
Студенттік жобалар байқауы университет пен бизнестің, ғылым мен өндірістің ынтымақтастығы – жас таланттарға үлкен ашылымдарға алғашқы қадамдарын жасауға көмектесетін қозғаушы күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.



