Бірінші қыркүйекте Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ бірінші курс студенттері үшін есігін айқара ашты. Өз факультеттерінің туы астында олар дәрісханаларда факультет декандарымен, оқытушылармен, топтардың кураторларымен және студенттік активпен кездесті.
Ата заң мен Бейбітшілік сабағынан кейін ШҚМТУ-дың алаңында Білім күніне арналған салтанатты шара өтті.
Оны университет ректоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Жасұлан Шаймарданов ашты.
- Құрметті әріптестер, университет меймандары мен бірінші курс студенттері! Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Біздің университет – еліміздегі таңдаулы университеттердің бірі. Мұнда тамаша кадрлар даярлайды, сабақ оқыту сапасы өте жоғары, осыған орай Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ –дың түлектеріне еліміздің әр түкпірінде сұраныс жоғары. «Серпін-2050» бағдарламасымен келген жастар мұнда тез бауыр басып, екінші отанына айналдыруына тілектеспін. Алдағы уақытта да біздің ЖОО-ның беделі өсе береді, ол үшін барлық алғы шарт пен мүмкіндік бар. Барлығыңызға зор денсаулық, үлкен шығармашылық табыстар тілеймін,- деді Жасұлан Құдайбергенұлы.
«Алтын белгі – 2012» иегері, жер туралы ғылым факультетінің 4-курс студенті Назерке Тоқтарбекова құттықтап, үнемі ізденіп, алға басу, терең білім алу студенттің әл-ауқаты жақсаруына, туған еліміздің дамуына бастайтынын айтты.
Жиналғандарды бірінші курс студенттері атынан «Алтын белгі – 2015» иегері Медет Ежелбаев пен «Серпін- 2050» бағдарламасы бойынша келген бірінші курс студенті Аяна Абиева құттықтады.
Онан кейін университет туы салтанатты түрде көтеріліп, бірінші курс студенттері өмірінде жаңа кезең – жаңа оқу жылы басталғанын аңғартты.
Жолың болсын, бірінші курс студенті! Әрдайым табысты бол!