Қазіргі уақытта университетіміздің өкілдері Германияның Клаусталь Техникалық университетінде өтіп жатқан Халықаралық академиялық ұтқырлық апталығына қатысуда. Бағдарлама 5 күнге жоспарланған және өзара танысу, баяндамалар, пікірталастар мен мәдени-спорттық шараларды қамтиды.

Биылғы апталықтың атмосферасы ерекше - Клаусталь техникалық университеті өзінің 250 жылдық мерейтойын атап өтуде. Апталық шеңберіндегі барлық іс-шаралар осы айтулы датаға арналды, бұл шараға қатысуды бұрынғыдан да мәнді әрі мазмұнды етуде.

Бірінші күні қатысушыларды Халықаралық орталықтың директоры Астрид Абель және университеттің тең мүмкіндіктер, халықаралық байланыстар және жас ғалымдар жөніндегі вице-президенті, профессор Хайке Шенк-Матес ресми түрде қарсы алды. Сессия барысында қатысушылар өз университеттерін таныстырып, серіктес жоғары оқу орындарының өкілдерімен танысты.

Екінші күн халықаралық ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісуге арналды. Афина Ұлттық техникалық университеті (Грекия), Любляна университеті (Словения) және Клаусталь техникалық университетінің өкілдері өз жобаларын таныстырды. Сонымен қатар профессор Штефан Палис модераторлығымен «Халықаралық ұтқырлық қайда бет алды?» тақырыбында пікірталас өтті.

Күннің соңында International Center ұйымдастырған Campus Fun Run аясында университет кампусында серуен өтті - қатысушылар 2,8 км-ге дейінгі арақашықтықты жүріп өтіп, бейресми және достық ортада уақыт өткізді.