Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті әскери кафедрасының студенттері әскери-оқу практикасынан өтіп, запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлаудың толық курсын аяқтады.
Биыл әскери кафедраны 223 студент тәмамдады. Олардың 133-і запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы, ал 90-ы запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша білім алды.
Студенттер 5 мамыр күні салтанатты жағдайда әскери ант қабылдаған болатын. Одан кейін өткен оқу-жаттығу жиыны олардың тәжірибелік және әскери-кәсіби даярлығының қорытынды кезеңіне айналды.
Бір ай бойы болашақ офицерлер мен сержанттар әскери міндеттерді орындауға қажетті білімдері мен дағдыларын жетілдірді. Жиын барысында студенттер:
- атыс және тактикалық даярлық бойынша нормативтерді орындады;
- радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс дағдыларын бекітті;
- саптық даярлық пен бөлімше құрамындағы үйлесімді іс-қимыл шеберлігін жетілдірді;
- заманауи әскери техниканың құрылысын, оны пайдалану және техникалық қызмет көрсету қағидаларын меңгерді.
Студенттер жоғары тәртіптілік, жауапкершілік және жақсы даярлық деңгейін көрсетті. Оқу-жаттығу жиыны кешенді бітіру емтиханын сәтті тапсырумен қорытындыланды.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың әскери кафедрасы түлектерді оқуын аяқтауымен құттықтайды! Оларға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің запастағы офицері мен сержанты атағын абыроймен алып жүруді, әскери борыш қағидаттарына адал болып, алға қойған мақсаттарына сеніммен жетуді тілейді.