Республика күні қарсаңында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да бүлдіршіндердің сыңғырлаған күлкісімен мерекелік атмосфера орнады. Университет Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен бірлесіп «Парасатты балақай» жобасын іске асыруда. Дені сау, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбек сүйгіш, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен «Парасатты балақай» жоба аясында «Жамандықтан қашық бол, жақсылыққа асық бол!» атты сурет конкурсын өткізді. Конкурсқа қалалық балабақшалардың 4-5 жас аралығындағы тәрбиеленушілері қатысты.

Мерекенің шымылдығын ашқан оқушылардың шығармашылық сарайының «Нұр Алтай» балалар би ансамблі өнерпаздары көрермендерін өз өнерлерімен тәнті етіп, қошеметке ие болды. Балалардың жүздеріне күлкі мен шаттық ұялап жақсылық пен жамандық туралы ертегі, тақпақтар айтып мультфильм, ертегілердің жағымды, жағымсыз кейіпкерлерінің суреттерін салды. Республика күніне арналған тақпақтар айтып, сыйлыққа кенелді. Осы байқауды көңілді өткізуге балақайларға студент аға-апайлары көмекке келді. Олар балалармен бірге ырғақты әуенге бірдей қимыл жасап, көрерменге жақсы әсер сыйлауға тырысты. Мерекелік кеш соңында әр балаға ойыншықтар мен тәтті сыйлықтар табыс етілді. Мерекеге қатысқан тәрбиешілер: «Балалардың арналған тәлімі мол осындай іс-шаралар, мерекелік байқаулар болашақта жалғасын табады деп сенеміз. Бүгінгі кішкентай тәрбиеленуші-ертеңгі студент. Парасаттылық - балабақшадан басталады. Болашақта университетпен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Біз ересектер балаларымыздың балалық шағы бақытты болуына жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек!»,- дейді.

Әділқазылар шешімімен жеңімпаз деп танылған бүлдіршіндер І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және «Алғыс хаттарымен» марапатталады.