Астанада өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі елорданың болашақтағы мамандықтар мен алдыңғы қатарлы технологияларға қатысты жаңа мүмкіндіктермен таныстырды. Бес күн бойы өткен ерекше шара барысында еңбек нарығындағы мамандықтардың көрінісімен танысу мүмкіндігі болды. Фестивальге жетекші кәсіпорындар, колледждер және техникалық университеттер қатысып, өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды.
Шараға қатысқан Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті инженерлік технологиялар саласындағы ең жаңа жетістіктерді көрсетті. Университеттің таныстырылымында көлік саласын трансформациялау бағытындағы маңызды жобалар ерекше назарға алынды. Осы бағыттағы басты жобалардың бірі - Лу Бань шеберханасы болды. Бұл шеберхана 2023 жылдың желтоқсан айында Тяньцзінь кәсіби университетімен серіктестік негізінде құрылды. Көлік саласының болашағын айқындап, маңызды үш бағыт бойынша құзырет орталығына айналған шеберхананың жұмысымен бүгінгі таңда 8 елден келген 400-ден астам студент танысуда. Оған қоса, жетекші кәсіпорындар мен университет қызметкерлері біліктілігін арттыруда.
Лу Бань шеберханасы осы саладағы электрлі көліктер, көлік басқарудағы жасанды интеллект және көлік ағындарын оңтайландыру сияқты өзекті тақырыптарға негізделген. Бұл жобалар қазіргі көлік саласын жаңа деңгейге көтеріп, озық инженерлік технологияларды енгізу арқылы көлік инфрақұрылымын тиімдірек етуге мүмкіндік береді.
Фестивальде таныстырылған тағы бір маңызды жобаның бірі - мобильді платформа, ол роботтардың автопилоттық жүйесімен жұмыс істеу принциптерін зерттеуге арналған. Бұл платформа көлік тасымалдау, жеткізу және басқа да арнайы міндеттер үшін қолданылуы мүмкін. Роботтың жұмыс істеу принципі бойынша, ол толықтай автономды режимде қозғала алады. Оны арнайы бағдарламалар мен сенсор құрылғылар арқылы бағыттап, нақты міндеттерді орындауға бағдарлау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, бұл роботтың камералары 360°, LIDAR сенсор құрылғысы және радар детекторы сияқты қауіпсіздік жүйелері бар. Бұл сенсорлар роботқа кедергілерді анықтап, қауіпсіз түрде олардан айналып өтуге мүмкіндік береді.
Фестивальге қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Лу Бань шеберханасының жұмысымен танысып, бұл жобаны еліміздің болашағы үшін маңызды әрі қолдауға тұрарлық бастама деп атап өтті.
Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Лу Бань шеберханасы мен оның жобалары болашақ мамандықтар мен инновациялық технологиялар саласында жаңа мүмкіндіктер ашатын көрнекті үлгі болып табылады.