«DSR» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының шетелдік сарапшысы, Хоккайдо университеті Славян-еуразиялық зерттеулер орталығының профессоры Томохико Уяма Қазақстан мен Жапонияның Smart Mining Plus – «Ресурстарды орнықты дамытуға арналған жаңа буынның ақылды тау-кен өндірісі» ғылыми жобасы аясында Өскемен қаласына келді.

Жоба тау-кен өндірісінде зияткерлік технологиялар мен экологиялық қауіпсіз әдістерді қолдану мүмкіндіктерін зерттеуге бағытталған. Зерттеу барысында өндірістік өңірлердегі ауа мен су ресурстарының ластануын азайтуға ықпал ететін шешімдерге ерекше назар аударылады.

Профессор Томохико Уяманың зерттеу бағыты Шығыс Қазақстан облысындағы елді мекендердің тарихына қатысты өлкетану материалдарын жинауды, жергілікті тұрғындармен сұхбат жүргізуді және қазақстандық ғалымдармен сараптамалық кездесулер өткізуді қамтиды. Мұндай кешенді тәсіл тау-кен саласының технологиялық және экологиялық қырларымен қатар, өңірдің тарихи, әлеуметтік және демографиялық ерекшеліктерін де ескеруге мүмкіндік береді.

Іссапар барысында жапон ғалымы Өскемен қаласында, сондай-ақ Глубокое ауданындағы Секисовка және Быструха ауылдарында болды. Ол тарих пәнінің мұғалімдерімен, Быструха ауылындағы мектеп басшылығымен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, зерттеуге қажетті деректер жинады.

«DSR» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлерімен өткен сараптамалық кездесулерде Қазақстан мен Жапонияның қазіргі демографиялық даму мәселелері талқыланды. Тараптар зерттеу тәсілдерімен бөлісіп, алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын белгіледі.

ШҚТУ-дың аталған жобаға қатысуы университеттің халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейтіп, инженерия, экология, тарих және әлеуметтік ғылымдар тоғысындағы пәнаралық зерттеулерді дамытуға ықпал етеді. Хоккайдо университетімен ынтымақтастық ғылыми тәжірибе алмасуға, ортақ зерттеулер жүргізуге және Шығыс Қазақстан үшін өзекті мәселелерді зерделеуге шетелдік сарапшыларды тартуға жаңа мүмкіндік береді.

Зерттеу нәтижелері өнеркәсіптік дамудың қоршаған орта мен жергілікті қауымдастықтарға әсерін жан-жақты бағалауға, сондай-ақ өңірдің минералдық ресурстарын орнықты игеруге арналған ғылыми негізделген тәсілдерді қалыптастыруға көмектеседі.