Бүгін бірінші курс студенттері ШҚТУ табалдырығын алғаш рет аттады. Коронавирус пандемиясына байланысты, білім алушылар онлай форматта оқуларын бастап, аралас форматқа енді ғана көшті.

Университеттегі алғашқы күнді ұзақ жылдар бойы есте сақтау үшін ЖОО-ның студенттік өзін-өзі басқару ұйымы бірінші курс студенттеріне тосын сый дайындады. Әртүрлі конкурстар ұйымдастырылды. Білім алушылар бір-бірімен танысып, сабақ арасындағы үзілісті көңілді өткізді.

Барлығы 458 студент университетке келіп, бекітілген кестеге сәйкес сабақтарына қатысты. Ғимаратқа кіреберісте білім алушылар дизинфекциядан өтіп, дене қызулары өлшенді. Студенттер ара-қашықтықты сақтап аудиторияларға жайғасты. Олардың санитарлық нормаларды сақтауы қатаң бақыланды.

60 жылдан астам уақыт бойы ШҚТУ өз шаңырағына жаңа студенттерді қабылдап, қалыптасқан тұлғаларды - нағыз мамандарды шығарып келеді. Бұл күні білім алушыларға білім жолынан таймай, еңбек етуді тілейміз. Үйреніңіз, оқыңыз және мақсатқа жетіңіз. Сіздердің амбицияларыңыз, ұмтылыстарыңыз, идеяларыңыз бен армандарыңыз таусылмасын және өмірлеріңіз қызыққа толы болсын!