Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі стратегиялық маңызға ие. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында сөйлеген сөзінде айтты.
Астанада ұйымның 30 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық сессиясы өтті. Сессия барысында Ассамблеяның дамуының негізгі стратегиялық бағыттары мен жаңа басымдықтары талқыланды.
Сессияға қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы 30 жылдағы елдегі жалпыұлттық бірлік пен келісімді нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті, сондай-ақ «Әралуандықтағы бірлік», «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» қағидаттарын қоғамда кеңінен насихаттаудың маңыздылығын жеткізді.
2025 жылғы 23 сәуірде Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында да Ассамблея институтының бірлік пен келісімді нығайтудағы рөлі мен елдегі ауқымды өзгерістер үдерісіндегі маңызы талқыланды.
Аталған отырысқа Қазақстан халқы Ассамблеясының Шығыс Қазақстан облыстық ғылыми-сараптамалық тобының төрайымы, «Digital Social Research» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Нелли Краснобаева қатысты. Ол өз сөзінде Ассамблеяның қызметін ғылыми-сараптамалық тұрғыда қолдаудың өзекті бағыттарына тоқталды.
Жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, ол «Ассамблея Ғылыми қалашығы» (Наукоград АНК) атты сараптамалық желі құруды ұсынды. Бұл бастаманы іске асыру үшін өңірлік деңгейде, АНК жанындағы ғылыми-сараптамалық топтар арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстарын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, өңірлердегі этносаралық қатынастар саласында жүйелі зерттеулер жүргізудің маңыздылығына назар аударып, қауіптердің алдын алуға бағытталған дер кезінде сараптамалық бағалау жүргізудің қажеттілігін айтып өтті.