Биылғы «Студенттік көктем – 2025» шығармашылық байқауы Шығыс Қазақстан техникалық университеті үшін айрықша мәнге ие болды. Себебі дәл осы жылы аталған өнер додасының ұйымдастырылып келе жатқанына 55 жыл толып отыр. Жарты ғасырдан астам тарихы бар шара — бірнеше буын студенттің шабытын шарықтатып, өнерге қанат қақтырған дәстүрлі мерекеге айналды.

Мерейтойлық байқауға GORMET, FTB және FORMATIONFORMATION атты үш шығармашылық топ қатысты. Олардың өнеріне беделді қазылар алқасы баға берді. Қазылар қатарында «TOTAL» іс-шаралар компаниясының жетекшісі әрі танымал жүргізуші Василий Хван, кәсіби хореограф Бақдәулет Конопьянов, облыстық хореографтар қауымдастығының мүшесі Әсем Рыспаева, халықаралық байқаулардың лауреаты, «Шертер» мамандығы бойынша шебер орындаушы Ерхат Сатыев, сондай-ақ ШҚО-дағы танымал жайдарманшы, «Швейцария» командасының капитаны Ернар Мамырбеков болды.

Байқау үш күнге созылды. Алғашқы күні сахнаны GORMET ұжымы ашса, келесі күні FTB өнер көрсетті. Ал қорытынды күн FORMATIONFORMATION тобының әсерлі қойылымымен түйінделді.

FORMATIONFORMATION тобы биылғы маусымның шын мықтысы атанды. Олар тек «Студенттік көктем – 2025» байқауында ғана емес, осыған дейін өткен «Бірінші курс таланттары – 2024» сайысында да бас жүлдені жеңіп алған. Осылайша, аталған топ үшін 2024–2025 оқу жылы нағыз «алтын жылға» айналды.

Байқаудың бас демеушісі болған Kazzinc компаниясы қатысушыларға бағалы сыйлықтарын тарту етті. Сонымен қатар, әр шығармашылық топқа университет атынан арнайы сый-құрмет көрсетілді. Бұл байқау — студенттердің өнерін бағалайтын, шығармашылық әлеуетін шыңдайтын, ұмытылмас сәттер сыйлайтын мереке. Мерейтой аясында ұйымдастырылған байқау жастардың рухын көтеріп, өнер мен достықтың шынайы салтанатына айналды.

  Барлық фотосуреттер

  Барлық фотосуреттер

  Барлық фотосуреттер