Мамыр айының соңында "Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау" мамандығының студенттері мен магистранттары, сондай-ақ оқытушылар О.А. Петрова мен О.Ю. Васильева "Өскемен ЖЭО" ЖШС-не экскурсияға барды.
туденттерге ШҚО экология департаменті басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Дастан Олажбаев құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шара Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылды. Талқылаудың негізгі тақырыбы – пластикті бөлек жинау, оның ішінде өндірісте іске асырылуы болды. Бұл тақырып бойынша дәрісті ЖЭО-ның бас экологы Марина Стрельцова өткізді. Ол сондай-ақ кәсіпорында қолданылатын қоршаған ортаны қорғаудың озық технологиялары туралы айтып берді.
Одан кейін санитарлық-өнеркәсіптік зертхананың меңгерушісі Гүлзана Шафигуллина зертхананың қызметі жөнінде мазмұнды әрі қызықты презентация жасады. Зертханада студенттерге кәсіпорындағы қоршаған орта мен жұмыс аймағының сапасын бақылау әдістері мен құралдары таныстырылды.
Сондай-ақ студенттер ЖЭО-ның Корпоративтік оқыту орталығына және практикалық сабақтар өткізілетін оқу полигонына барды.
Экскурсия ШҚТУ студенттері мен магистранттары үшін өте пайдалы болды. Ол өндірістік жағдайларда қоршаған ортаны мониторингтеу мен еңбекті қорғау сияқты пәндер бойынша білімдерін жаңартуға мүмкіндік берді.
Экскурсияға қатысқан студенттер ШҚТУ-дағы "Клевер" экологиялық клубының мүшелері болып табылады. Клуб университетте пластикті бөлек жинауды белсенді түрде насихаттап, "3.2.1. Бастау!" республикалық жобасын қолдайды. Сондықтан өндірісте пластикті бөлек жинау тәжірибесімен танысу олар үшін ерекше қызықты болды.
Экскурсия соңында "Клевер" экоклубының төрайымы, 3-курс студенті Валерия Парубчишина "Алтай" телеарнасының журналистерінің сұрақтарына жауап беріп, өз әсерлерімен бөлісті.