Республика көлемінде «Қазақстан – зорлық-зомбылықсыз ел» атты кең ауқымды акция басталды. Бұл бастама тұрмыстық құқықбұзушылықтармен күресуге, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралармен ерекшеленіп отыр.
Шараның алғашқы қарқынды қолдау тапқан өңірі – Шығыс Қазақстан облысы болды. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері бұл бастаманы белсенді түрде қолдап, ерекше форматта – флешмоб арқылы өз ұстанымдарын білдірді. Олар зорлық-зомбылыққа қарсылықтарын шығармашылық жолмен жеткізіп, қоғам назарын осы өзекті мәселеге аударуға тырысты.
Флешмоб барысында студенттер плакаттар мен символикалық элементтер арқылы бейбіт, қауіпсіз және зорлық-зомбылықсыз қоғам құруға үндеді. Бұл іс-шара жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырумен қатар, қоғамдағы маңызды өзгерістерге ықпал етуді мақсат етті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру – бүкіл қоғам болып атсалысатын маңызды міндет.