Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да жемқорлықпен күресу жұмысы үздіксіз жүргізілуде. Университетте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениет негіздері» пәнінен бөлек ТЕДх форматта кездесулер, ақпараттық түсіндірме сағаттары, жемқорлық құқық бұзушылықтарды болдырмауға бағытталған профилактикалық шаралар ұйымдастырылып жүзеге асырылып жатыр.

Қазіргі жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру өте маңызды. Ол үшін олардың бойында құқықтық сауаттылықты арттыру керек. Осыған орай, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Комплаенс-қызметінің комплаенс офицері Мықтыбаев Қуаныш Азимжанұлының қатысуымен ақпараттық адалдық сағаты өтті.

Жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру, сондай-ақ жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептерді және олардың салдарын жою мақсатында өткізілген іс -шарада әр студенттің ойын өзгертетін, адалдықпен әдептілікке шақыратын әңгімелер айтылды, сұрақтарға жауаптар берілді. Алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту - әр адамның азаматтық борышы екендігі түсіндірілді. Сонымен қатар Қуаныш Азимжанұлы «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының мақсатын және елімізде еріктілер аясында атқарылып жатқан іс-шараларға кеңінен тоқтала отырып, студенттерді жобаның еріктісі болуға шақырды.